×
425.02
450.1
7.17
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
425.02
450.1
7.17

Ресей қазақ мұнайының Еуропаға тасымалдануына әдейі тосқауыл қойып отыр – БАҚ

06.04.2022, 11:44

Ресей санкцияларға жауап ретінде Еуроодақ экономикасына нұқсан келтіру үшін Қазақстан мұнайының Еуропаға жеткізілуіне әдейі тосқауыл қойып отыр. Осылайша, Қазақстанға да өзінің билігін жүргізбек. Deutsche Welle жазуынша, Handelsblatt неміс экономикалық газеті неміс Correktiv зерттеу орталығымен бірге Новороссийск портының мұнай айлақтарындағы жағдайға журналистік зерттеу жүргізіп көрген, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

«Ресей ойлап тапқан дауылдың көмегімен Еуропаға мұнай жеткізуді қалай шектеп отыр» деген тақырыппен жарияланған Handelsblatt материалында «қазіргі уақытта Еуропа бағытында әсіресе қазақстандық мұнай аз көлемде ағып келіп жатыр» делінген. Оның себебі ресми ақпаратқа сенсек, бірнеше күн бойы созылған Қара теңіздегі дауылда. Алайда неміс метеорологиялық қызметі Handelsblatt-қа ауа-райы бұл аймақ үшін «ерекше емес», яғни қалыпты екенін жеткізген. Желдің күші 20 наурызда 43 торапқа жеткен. Бұл халықаралық қабылданған Бофорт шкаласы бойынша 9 балдық дауылға сәйкес келеді. Ал жойқын дауылдар – 12 бал және 64-тен астам торап кезінде болады. Сонымен қатар, «мұнай құбырының 20 жылдық тарихында ол ешқашан желдің салдарынан істен шыққан емес» дейді Handelsblatt.

Газеттің жазуынша, «мұнай құбыры (Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы) Ресей аумағы арқылы өтеді. Ресейлік фирмалар консорциумда басым, алайда құбырдағы мұнай негізінен Қазақстанда мұнай өндірумен айналысатын Chevron, Shell және Eni сияқты Батыс фирмаларына тиесілі. Консорциумда басты рөлді Ресейдің «Транснефть» мемлекеттік компаниясы атқарады, ол сондай-ақ қазақстандық мұнайды «Дружба» мұнай құбыры арқылы Балтықтағы Усть-Луга портына тасымалдауға жауапты.

Handelsblatt атап өтуінше, «терминал шынымен зақымдалса да, Ресей оны жөндеуге көп уақыт бөледі». Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі мен КҚК екі ақауды реттеу реттеу үш аптадан екі айға дейін созылуы мүмкін деп айтқан болатын. Осының салдарынан Қазақстан сәуір айында 1,3 млн тонна көлемінде мұнай өндірісінен айырылады. Ал табыс шығыны ай сайын жүздеген миллион долларға бағаланады. Неміс басылымының пікірінше, «Мәскеу Қазақстанды Батысқа қысым жасау үшін пайдаланады».

Басылымның жазуынша, Қара теңіздегі терминал Еуропа үшін маңызды. Аталмыш мұнай құбыры арқылы жылына 60 млн тоннаға дейін мұнай өтеді.

«Қазақстанның мысалында Ресейдің Украинадағы соғыс театрының сыртында қолданатын тактикасы көрінеді», - деген Handelsblatt Мәскеудің Әскери доктринасы үгіт-насихат, жалған ақпарат, сондай-ақ әлемдік мұнай нарығындағы айла-шарғы жасау сияқты құралдарды қолданатын гибридті соғыстарды жүргізуді болжайтынын тұжырымдайды.

Handelsblatt «Ресей ауа райының бұзылуының өзі қазақстандық мұнайдың экспортына қалай әсер етуі мүмкін екенін ескертіп отырғанын» жатап өтеді.