Салынған санкциялар саны жөнінен әлем елдері арасында Ресей көш бастап тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саясаттанушы Риззат Елубаевтың мәліметінше, бүгін де ресейлік жеке және заңды тұлғаларға қатысты 14 081 санкция қолданылады, бұл Луганск және Донецк облыстарын тәуелсіз мемлекеттер деп мойындағанға дейінгі шектеулерден 5 есе көп.
Ресей Украинаға басып кіргенге дейін "бірінші орында" Иран тұрған. Мемлекет АҚШ, БҰҰ, ЕО және Австралия, Канада, Үндістан және Израиль секілді елдердің 3616 санкциясына ілінген. “Қара тізімдегі” елдердің қатарында сондай-ақ Сирия, Солтүстік Корея, Беларусь, Мьянма мен Венесуэла бар.
Ресейге қарсы санкциялардың қазіргі пакетінде АҚШ, Швейцария және Канада сәйкесінше 1948, 1782 және 1590 шектеулермен көш бастап тұр. Бұл санкциялардың көпшілігі жеке тұлғаларға бағытталған және 11 327 санкцияның тек 2 210-ы заңды тұлғаларға, теңіз немесе әуе кемелеріне салынған. Бұл статистикаға жалпы газ немесе мұнай сауда эмбаргосы сияқты секторлық санкциялар енбеген.
Йель менеджмент мектебі зерттеушілерінің айтуынша, мемлекеттер мен мемлекеттік органдар енгізген санкциялардан бөлек, 1000-нан астам компания белгілі бір дәрежеде Ресей нарығынан кетті, олардың арасында Adidas, Google, Disney, Exon немесе Volkswagen сияқты алпауыттар бар.