×
416.91
446.47
7.34
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
416.91
446.47
7.34

Mudarabah Capital ісі: Құрылтайшылардың біріне халықаралық іздеу жарияланды

13.04.2022, 17:19
Видеодан кадр

Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 14 күдікті адам тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазір күдіктілердің және туыстарының мүлкі тәркіленіп алынды. Алайда жылжымалы және жылжымайтын мүліктің тағдырын сот шешетін болады. Тәркіленген мүлік арасында 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 1 дүкен, 5 үй мен 2 автокөлік бар екенін айта кетейік.

Бұған дейін белгілі актер әрі вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және блогер Азимжан Саидбаев қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді.

Төребаев пен Шерниязов 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде кепіл төлеп, соттың соңғы шешіміне дейін бостылды.

Ал Саидбаевты қамауға алуға шешім шығарылды. Бірақ ол шетелге қашып кетті. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

"Үшеуі де жауапқа тартылып жатыр. Өкінішке орай, біреуі шетелге қашып кетті. Қазір оның жүрген жерін анықтау шаралары қолға алынды. Біз қылмыстық істі тергеуді аяқтап қалдық. Жақын арада барлық материал процеске қатысушыларға таныстырылады, содан кейін сотқа жіберіледі. Тергеу кезінде күдіктілерге қатысты толық дәлелдер жиналды", - деді Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетері, 2021 жылы вайнерлер Mudarabah Capital компаниясын жарнамалай бастаған. Үшеуі де компанияның құрылтайшылары атанды.

Бұған дейін Mudarabah Capital қаржы пирамидасынан 20 млн теңгесін қайтара алмаған әйел астанадағы ІІМ ғимараты алдында өзін-өзі өртеп жіберді. Қазір әйел аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.