×
425.02
450.1
7.17
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
425.02
450.1
7.17

Астанада жалпықалалық сенбілікке 62 мыңнан астам адам қатысты

16.04.2022, 18:10
Фото: астана әкімдігі

16 сәуір күні Нұр-Сұлтанда «Birge – taza Qazaqstan» акциясы және көктемгі экологиялық айлық аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Оған қаланың 62 500-ге жуық тұрғыны қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара қыс мезгілінен кейін қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша жұмыстар жүргізуге бағытталған.

Сенбіліктің негізгі мақсаты – қоғам назарын экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына аудару.

Қаланы тазалауға 62 500-ге жуық адам, 3 580 кәсіпорын мен ұйым қатысты.

482 тоннадан астам қалдық жиналып, полигонға шығарылды. Алматы ауданы бойынша – 352 тонна, Байқоңыр ауданы бойынша – 85 тонна, Есіл ауданы бойынша – 92 тонна, Сарыарқа ауданы бойынша – 115 тонна қоқыс жиналды.

Өткізілген іс-шара аясында жалпы ауданы 2,7 млн шаршы метрден астам саябақ пен сквер тазартылды, 248 ағаш отырғызылды.

«Бүгін керемет күн. Қаламыз тазарып, күннен күнге құлпырып келеді. Елорданың белсенді тұрғындары ретінде біз, AMANAT партиясының мүшелері жалпықалалық сенбілікке шығып, ағаш отырғызып, саябақтар мен гүлзарларды қоқыстан тазарттық. Елорда – біздің ортақ үйіміз, оның көркейе түсуіне тұрғындар да атсалысуы керек. Бұл коммуналдық қызметтердің жұмысы ғана емес», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласындағы AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов.

Сенбілікке тұрғындар, еріктілер, эко-белсенділер, ПИК және МИБ ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері, сол сияқты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысты.

«Бүгінгі сенбілікке отбасымызбен шықтық. Ауламызды қоқыстан тазартып, жиектерін ақтадық. Сенбілік қаланың тазалығын сақтауға үлес қосудың тамаша мүмкіндігі. Елорда біздің ортақ үйіміз, оны қорғауымыз керек», – деді қала тұрғыны Әсем Мырзахметова.

Естеріңізге сала кетейік, 23 сәуірде елордада жалпықалалық сенбілік аясында жаппай ағаш отырғызылады. Қала аумағын қыс мезгілінен кейін тазарту, рекреациялық аймақтарды, саябақтарды, гүлзарларды, аулаларды, сондай-ақ сауда нысандарына, қоғамдық тамақтану орындарына және басқа да ұйымдарға іргелес аумақтарды жинау жоспарланып отыр.