×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Аттестаттауға мұғалімдер өкпелеп жүр. Ал Аймағамбетов не дейді?

19.04.2022, 13:48

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің аттестаттауға қатысты шағымына жауап берді. Бұған дейін зейнетке аз уақыт қана қалған мұғалімдер «не үшін аттесттаттаудан өтуіміз керек?» деп өкпесін әлеуметтік желілерге жазған болатын. Алайда министр аттестаттау бәрібір керектігін айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы

«Әдетте, біз оқушылардың білімінің сапасына көңіліміз толмайды. Мысалы мектеп оқушы математиканы меңгермей шықса, сұрақ айналып келіп, сол мектептің математика пәнінің мұғаліміне қойылары анық. Біздің елде 3,6 млн оқушы бар. Ең бірінші кезекте, жұмыстың сапасын арттыруымыз керек. Қоғам да соны талап етеді. Сол себепті аттестаттау қазіргі уақытта ерікті әрі мұғалімнің жағдайына да ықпал ететінін атап өту керек», - деді Асхат Аймағамбетов үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуынша, мәселен 10 жыл бойы бір мұғалім 5-6 сыныпқа сабақ беріп келіп, 10 жылдан кейін 8-9 сыныпқа сабақ беруі мүмкін. Сол себепті ол жоғары сыныптардың бағдарламасын меңгеруі керек.

«Міне, сондықтан мұғалімнен өз пәнінен біліктілігін талап ету, сабақ беру әдістемесін білуін талап ету – қоғам тарапынан да, министрлік тарапынан орынды», - дейді ол.

Асхат Аймағамбетов 32 мың студент алдыңғы жылы оқуын бітіріп, мектепке жұмысұа қабылдағанын айтады. Сол кезде жас мамандар біліктілігін тексеру сынына өкпемен қараған.

«Олар: біз жаңа ғана университетті бітірдік. Біліміміз ескірген жоқ. Неге бүгін біліктілігімізді сіздер тексерулеріңіз керек деді. Біз оларға: өйткені сіздер балалармен жұмыс істейсіздер. Сіздердің білімді, білікті болғандарыңыз, маған емес, ең алдымен қоғамға, жалпы мемлекетіміз үшін қажет дейміз. Тәжірибесі 10 немесе 15 жыл болсын, осы мәселе бәріне қатысты. Осы аттестаттау арқылы мұғалімдердің жалпы білімі жоқ деп айтып тұрған жоқпын. Бұл – жалпы осы мұғалімдердің бес жылда бір рет өз біліктілігін дәлелдеуі деген баяғыдан келе жатқан үрдіс. Ол жалғасын тауып келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.