Kids Go Free бағдарламасының мән-жайын әлеуметтік желідегі парақшасында мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап 18-ге толмаған балалар мемлекет ішінде тегін ұша алады. Kids Go Free деген бағдарламаның басты шарты – отбасы туроператорлардан саяхаттау пакетін сатып алуы тиіс. Бұл қалай жұмыс істейді? Ең алдымен туроператорлар саяхатқа шығатын балаға билет сатып алады. Содан кейін мемлекет сол билеттің құнын туроператорларға 45 күннің ішінде қайтарады», - дейді ол.
Туроператорлардың біразына 45 күндік мерзім тым ұзақ көрінген. Сондықтан олардың ұсыныстарын тыңдап, қабылдап, министрлік 45 күнді 25 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылдады.
Kids Go Free – Қазақстандағы отбасылық туризмге арналған бағдарлама. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда турпакет шеңберінде саяхаттайтын кәмелетке толмаған жолаушылардың (2 жастан 17 жас аралығы) билет құнын субсидиялау бағдарламасы күшіне енген.
Аталған жоба ел ішінде демалысқа аттанған балалардың әуе билетін тегін алуына мүмкіндік береді.
Бағдарлама қалай жұмыс істейді?
МАҢЫЗДЫ: бағдарлама туроператорлардың алдымен әуе билеттерін өз қаражаты есебінен сатып алуын, ал кейіннен бұл шығындарды Ережеге сәйкес мемлекет өтеуін көздейді. Ал, туроператорлардың бағдарламаға қатысуы ерікті.