Еліміздің прокурорлары 49 ірі кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде зиянды еңбек жағдайлары үшін қызметкерлерге өтемақы төленбейтіні анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
“Қорғаныс құралдары мен азық-түлікпен қамтамасыз етпеудің 2 мыңнан астам фактісі анықталды. Жұмыс берушілер қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқалық беру, сақтандыру және медициналық тексеруден өткізу шараларын жасамаған”, – деп хабарлады Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов.
Өрт, өндірістік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 6,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Бұл өрт дабылдары мен желдету, электр қалқандары, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің жоқтығы.
“Мысалы, "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-нің шахталарында шатырды басқару бекіткіштері болмасада жұмыстар тоқтамай, жүргізіле берген. Кез келген сәтте кеншілер тау жыныстарының астында қалуы мүмкін. Оқыс оқиғалардың 60%-ы осы бұзушылықтармен байланысты”, – деді Сапарбек Нұрпейісов.
Сонымен қатар тексеру барысында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 1,5 мыңнан астам технологиялық жабдықтың ақауы анықталды, 50-інің жұмысы толығымен тоқтатылды (оларда 2,5 мыңнан астам жұмысшы бар). Азаматтардың еңбек құқығын елемейтіндер қатарында "Қазцинк", "Қазхром", "Қазфосфат", "Аралтұз", "Қазақмыс" және "Өзенмұнайгаз" компаниялары бар.
“Сондай-ақ, жекелеген жұмыс берушілер еңбекті қорғау саласындағы жағдайларды, атап айтқанда, өндірісте жарақаттануын және жұмысшылардың өлімін жасыратын заңсыз әрекеттері де қиындатып отыр. Тексеріс барысында осындай 40-тан астам жағдай анықталды”, – деді Сапарбек Нұрпейісов.
Жалпы тексеру нәтижесінде 69 қадағалау актісі жасалып, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлардың актілері бойынша 30 мың жұмысшының жалақысына үстемеақы тағайындалды, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленді, кезең-кезеңімен қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз ету басталды, 22 техниканың жұмысы тоқтатылды.