Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы бүгін де өтпей қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін генерал-майор Күдебаевқа қатысты үкім шығарылуы керек-тін. Алайда оның сырқатына байланысты сот отырысы тағы кейінге шегерілді.
Келесі отырыстың өтетін күні белгісіз.
Бұған дейін Серік Күдебаевтың ауруханаға түскенін хабарлағанбыз.
Еске салсақ, Серік Күдебаев 2020 жылдан 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. 58 жастағы полиция генарал-майоры қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, ол қаңтар оқиғасы кезінде жұмыс орнын тастап, кетіп қалған. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полиция департаментінен қару-жарақтар ұрланған.
Күдебаевтың соты биылғы жылдың қаңтарында басталды.
28 ақпандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан күдікті Серік Күдебаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.