Полицияда жауап алу кезінде қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев пен Андрей Шестопалов жол талғамайтын көлікті ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұрболат Жұмабаевтың қазасы оған қатысты қылмыстық істі тергеуге кедергі болған жоқ. Әрине, сотта оның қайтыс болуына байланысты істі жабу туралы шешім қабылданды. Ал сыбайласы – Андрей Шестопалов жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
"Сотталушылар 2021 жылғы 8 желтоқсанға қараған түні алдын ала сөз байласу бойынша Ж.С.-ға тиесілі құны 20 000 000 теңге болатын "Lexus LX 570" маркалы автокөлікті жасырын ұрлап, сол арқылы жәбірленушіге аса ірі мөлшерде залал келтірді", - делінген сот хабарламасында.
Шестопалов кінәсін мойындамады. Алайда сот дәлелдер жеткілікті деп санады. Екі сотталушы да кінәлі деп танылды, бірақ Жұмабаев қайтыс болуына байланысты жазадан босатылды.
Еске сала кетейік, Нұрболат Жұмабаев Шымкент полициясында жауап алу кезінде қаза тапты. Марқұмның жақындары мен қоғам белсенділері оның азапталғанына сенімді.
Нәтижесінде жәбірленушіге азаптау қолданылды деген күдікпен төрт жоғары дәрежелі полиция қызметкері қамауға алынды.
Қазіргі уақытта азаптау фактілері бойынша тергеу аяқталды, сот процесі жүріп жатыр.