×
479.39
457.43
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.39
457.43
8.21

“Арзан пиар” – Досаевтың әрекетін әлеуметтік желідегілер сынға алды

29.04.2022, 10:38
facebook

Халықпен кездесуге келген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досевтан 80-нен асқан қария шөбересінің тұсауын кесуді өтінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаевпен ұлттық дәстүр - тұсаукесерді өткізді. Аудан тұрғындарының бірі Серік Қармысбаев  кездесу кезінде  шөбересінің тұсауын кесіп беруді өтінді”, – деп жазды қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасы.

Қала әкімі  аудан тұрғынының өтінішіне келісімін беріп, бүлдіршіннің тұсауын кесті. Содан соң ақсақал бата беріп, балаға еліміздің лайықты азаматы болуды тіледі.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары әкімнің бұл әрекетін біраз сынға алып жатыр.

Солардың бірі, белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл жәйтті орынсыз деп қабылдапты.

Келесіде Алматы әкімдігіндегі креативщиктер Е.Досаевтың халықпен кездесуінде "сүндетке отырғызу" рәсімін ұйымдастырып жүрмесін деп тілейік”, – деп жазды ол.

Желі қолданушыларының көбі бұл әрекетті әдет болып қалған жағымпаздыққа балады.

“Осындайдан басталады. Мұны да бір жағымпаздар ұйымдастырды ғой”. “Той болып кеткенбе?! Жағмпаздық қанға сіңіп кеткенский”. “Арзан сасық пиар”. “Одан да қаланың қақ ортасында ойқыш-ойқыш жолдар мен қараңғы көшелерді реттесе ғой. Әй қайдам, өзіміз сайламаған әкім сауықшыл келеді екен ғой”, – деген секілді түрлі пікірлер жазылып жатыр.

Еске сала кетейік, еліміздегі қаңтар қырғынынан кейін Мемлекет басшысының шешімімен Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Сол кезде жергілікті халық Досаевты қала әкімі ретінде мойындамайтындарын айтып, қарсылық ретінде митингке шыққан болатын. Олар қолдарына «Батыр қала Алматыға Досаев лайықты емес!», «Қала әкімін өзіміз сайлаймыз», «Досаев біздің әкім емес» деген сөздер жазылған плакатпен шықты.