×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Шенеуніктердің шетелде тіркелген 700-ге жуық жылжымайтын мүлкі бар

30.09.2021, 15:25
Шенеуніктердің шетелде тіркелген 700-ге жуық жылжымайтын мүлкі бар
фото: Ашық дереккөзден

Қазақстандық шенеуніктердің шетелде тіркелген 666 жылжымайтын мүлкі, 691 млрд теңге ақшасы және 1198 көлігі бар екен, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Бүгін мемлекеттік қызметкерлердің шетелдегі тұрғын үй, ақша және көліктерінің саны туралы айтылды. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев декларациялаудың бірінші кезеңінде мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар және қызметкерлердің жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін көрсеткенін айтты.

«Бұл азаматтар ең дайын азаматтар деп есептейміз. Өйткені қазір 99 пайызы электронды түрде декларация тапсырды. Декларациялардың 54%-ы e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тапсырылған», - деді Іңкәрбаев ОКҚ брифингі барысында. 

Оның айтуынша, бірінші кезеңде, 15 қыркүйектегі жағдай бойынша, 497 мың адам декларация тапсырған. Олар:

- 440 жеке тұлғада 58 елдің шетелдік банк шоттары бар. Ақшаның жалпы сомасы 691 млрд теңге. Банк шоттарының саны Ресей, АҚШ, Швейцарияда көп.

- 494 жеке тұлғада әлемнің 26 елінде 666 жылжымайтын мүлік бар. Соның ішінде 436 объект Ресейде, 44-і Біріккен Араб әмірлігінде, 38-і Түркияда көрсетілген.

- 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын көрсетті. Соның ішінде 292-сі Ресейде, 235-і Арменияда, 221-і Жапонияда, 162-і Германияда декларацияланды.

 - 47 жеке тұлғаның біздің елден тыс 57 заңды тұлғаға қатысу үлесі бар. Бұл Ресей, Араб әмірлігі және Кипрде;

 - 1585 жеке тұлға 11 елде 1603 жылжымайтын мүлік нысанының құрылысына қатысы бар екенін көрсеткен. Оның ішінде көбіне біздің елдегі құрылыстарға (1568) қатысты;

- 116 адам инвестициялық алтынды жариялады;

- 25 елде 918 адам бағалы қағаздарын жариялады:

- 635 инвестициялық пай қорларында 608 адамның пайлары бар;

- 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бар;

- 355 адам дебиторлық берешегін көрсетті;

- 578 адам кредиторлық берешегін көрсетті;

- 1704 жеке тұлға 2327 нысанды сенімгерлік басқаруға берген.

Толық ақпаратты Kgd.gov.kz сайтындағы «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен көруге болады. 

Декларациялаудың екінші кезеңінде (2023 жыл 1 қаңтардан бастап) мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация мен міндеттемелерін тапсырады.

2024 жылдан бастап бизнес өкілдері (яғни заңды тұлғалар): жеке кәсіпкерлік басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары тапсырады.

Ақырғы кезең 2025 жылы басталады. Сол кезде қалған азаматтар декларациясын тапсырады.

«Алдын ала деректер бойынша, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 13 млн адам кіреді. Бұл жұмыс көлеңкелі айналым мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке қосымша түсім түсіруге мүмкін береді», - деді ресми өкіл. 

Декларацияда 31 желтоқсанға дейін қолда бар активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер көрсету қажет. Оның ішінде: 

 – шет мемлекетте тіркелген, не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;

– Қазақстаннан тыс жерлердегі шетелдік банк шоттары, мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын қаражат; 

 – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша сомалар; 

– республикадан тыс жерде құрылған заңды тұлғалардың капиталына қатысу үлесі;

 – бағалы қағаздар; 

– туынды қаржы құралдары;

– инвестициялық алтын; 

– зияткерлік меншік; 

– авторлық құқықтағы объектілер; 

– 10 мың айлық есептік көрсеткіш шегінде көрсетілген қолма-қол қаражат.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны әркім өзі тіркелген салық органына ұсынады.