×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Арандату": Сайлау комиссиясының төрағасы Шымкентте дауыстардың алдын ала саналуы жайлы

19.03.2023, 17:33
"Арандату": Сайлау комиссиясының төрағасы Шымкентте дауыстардың алдын ала саналуы жайлы
фото: ашық дереккөзден

Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев сайлау учаскесінің хаттамалық қорытындысы туралы желіде тараған ақпарат туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманың алдын ала дайындалғаны туралы ақпарат тарады. Желіде тараған суреттерден қай депутаттың қанша дауыс алғанын да көруге болады.

Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының сөзінше, бұл ақпарат жалған.

«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары бойынша видеороликтердің шындыққа жанаспайтындығын хабарлаймын. Ондағы құжаттар мыжылған және ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған. Роликте көрсетілген мәліметтер арандату деп есептеймін. Сайлау учаскесінде тиісті хаттамаға қоятын мөрлер сейфте сайлау басталғанға дейін сақталады. Хаттамалар тек сайлау қорытындысына сәйкес толтырылады және нәтижесі жарияланады. Аталған мәселені құзырлы орган тексеріп құқықтық баға беріледі»-деді  Құнанбаев өз бейнеүндеуінде.

Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр.

Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталмақ.

Бұдан бұрын "Еркіндік қанаты" қоры учаскелер ашылған сәттен бастап қандай бұзушылықтар тіркелгенін айтқан.

Сондай-ақ, Шымкентте шыққан шу көптің құлағына жетті. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған фотолар мен аудиожазбаларға сүйенсек, қалада сайлау басталмай тұрып сайлаушылардың дауыстарын санап қойған.

Бұған дейін Бас прокуратура өкілі прокуратура органдарына дауыс беру кезіндегі заңбұзушылықтар туралы 25 шағым түскенін мәлімдеген болатын.