×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Бағдат Мусин түрік айтишниктерін Қазақстанға шақырды

10.05.2022, 19:05
Фото: Ашық дереккөзден

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Түркияға сапарының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

«Мереке күндері белсенді өтті. 8-10 мамыр аралығында IT-бизнес өкілдерімен бірге болашақ бірлескен жобаларды талқылау және екіжақты ынтымақтастық деңгейін арттыру үшін Түркия Республикасына бардық. Бүгін Түркия астанасы Анкарада Түркияның өнеркәсіп және технологиялар министрі Мұстафа Варанк, TUBITAK Президенті, Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Караисмайоглу, Түркияның Сауда палаталары мен тауар биржалары Одағының (TOBB) президенті Рифат Хисарджиклиоглумен кездестік. Екіжақты ынтымақтастықтың ықтимал нұсқаларын талқылап, меморандумға қол қойдық», - деп жазды Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, жалпы іссапардың бағдарламасы өте мазмұнды болған. Сапар барысында Мусин тек мемлекеттік органдармен кездесіп қана қоймай, сонымен қатар IT-технопарктерге барған. Министр олардың ауқымы, венчурлық қорлары және Түркияның ірі IT-компаниялары таңғалдырғанын да жасырмайды.

«Атап айтқанда, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңіріндегі ең ірі электрондық коммерция платформасы Hepsiburada, тағамға онлайн-тапсырыс беруге арналған Түркиядағы алғашқы және ең ірі сайт Yemeksepeti, $16,5 млрд капиталдандыруы бар алғашқы түрік decacorn-компаниясы Trendyol, ШОБ үшін Şekerbank кооперативтік банкі, сондай-ақ Bilisim Vadisi IT-технопаркінің кеңселеріне бардық», - дейді ол.

Министрдің айтуынша ресми кездесулердің қысқаша қорытындылары мынадай:

  • Қазақстандық IT-саласының жетістіктері ұсынылды, атап айтқанда, отандық IT-стартаптар түрік венчурлық қорлары мен нарық өкілдерінің алдында питч өткізді. Мұны дәстүрге айналдырып, олардың стартаптары да Қазақстанға шақырылды.
  • Аса ірі түрік IT-компанияларына өздерінің IT-өнімдерін қазақстандық нарыққа шығару ұсынылды.
  • Қазақстандағы IT-саласын мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ Индустрия 4.0 және Smart city саласындағы қазақстандық IT-компаниялардың пилоттық жобаларын іске асыру туралы айтылды.
  • Astana Hub пен Bilisim Vadisi арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
  • Екі елдің IT-тауарлары мен қызметтерін ілгерілету саласындағы ынтымақтастық талқыланды.

«Жақында түрік тарапымен жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру туралы толығырақ айтамын», - деп түйді министр.