×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Медведев: Шетел агентін Ресейдегі табысынан айыру керек

26.03.2023, 17:13
Медведев: Шетел агентін Ресейдегі табысынан айыру керек
Ашық дереккөз

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Украинадағы соғысты қолдап, атышулы көп мәлімдеме жасап жүрген Дмитрий Медведев "шетел агенті" ретінде танылған адамдарды Ресейдегі табысынан айыруға шақырды. Ол сонымен бірге авторлық құқықты бұзатын пираттық контенттерді қолдап, батыс компанияларының фильмдерін тегін таратуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Азаттықтың жазуынша, "шетел агенттерін" табысынан айыру туралы айтқан Медведев жазушы Борис Акуниннің шығармасына негізделіп шығарылған фильмге тоқталды. Ұзақ жылдардан бері шетелде тұратын Борис Акунин Ресейдің Украинаға басқыншылығын жиі айыптайды. Бірақ Акунин (Георгий Чхартишвили) "шетел агенті" тізіміне енгізілмеген.

"Қандай да бір Акунин. Ол талантты жазушы. Елден кетіп қалған, елді қарғап-сілеп, арнайы әскери операцияны жерден алып, жерге салған... Десе де, біздегі ақпарат құралдары мен компаниялар оның шығармаларын қоюды тоқтатпады... "Әзәзілдің" кезекті нұсқасы пайда болды. Төртінші рет қойып жатыр! Неге деген сұрақ туындайды? Осыған ұқсас антиутопияны басқа біреуге тапсырыңдар" деді Медведев.

Ресейдің бұрынғы президенті жыл басында шыққан "Фандорин. Әзәзіл" мини-сериалын меңзеген болуы мүмкін. Ол Акуниннің "Әзәзіл" романы желісі бойынша түсірілген.

Бұған дейін Акунин шығармалары ресейлік театрлардан алынып жатқаны туралы хабар тараған. Кейбір кітап дүкендерінде оның шығармалары өзге "шетел агенттерінің" шығармалары сияқты мұқабасы көрінбес үшін ақ қағазға оралып сатылған еді.

Акунин Медведевтің сөзіне реакция білдірген жоқ. Алайда 25 наурызда Facebook парақшасында "жоспардан тыс" жаңа роман жазғанын хабарлады. Ол америкалық сайттан статистика алғанын да жеткізген.

"Өзім мүлде күтпеген бір жайт анықталды. Сатып алушылардың 30 пайызы – Ресейден. Яғни, көбі өз елдеріне төлегісі келмейді, Америка дүкендерінде баға едәуір қымбат болса да, [сол жақтан алуға ынталы]" деп жазды Акунин.

Дмитрий Медведев сенбі күні сонымен бірге батыс компанияларының зияткерлік меншіктерінің құқығын бұзуға шақырды. Оның сөзінше, ресейлік қолданушылар пираттық ресурстар арқылы Батыс музыкасы мен фильмдерін көруі тиіс.

"Егер бізден "Нетфликс" және өзгелер кетіп жатса, онда бәрін жүктеп алып, тегін пайдаланамыз. Мен оларға көп шығын келтіру үшін желілерге [өнімдерін] таратар едім. Олар банкротқа ұшырауы үшін орасан шығын келтірер едім" деді Медведев.

Оның позициясын Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та қолдаған. "Мәселе пираттарда болып отыр ғой. Олар бізді тонап, активтерімізді басып алды, ұрлады. "Пираттық контент" деген тіркес басқаша қабылдануы тиіс" деді Песков. Оның сөзінен ТАСС агенттігі үзінді келтіреді.