×
470.9
496.94
8.83
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
470.9
496.94
8.83

Дамыған елдерде Қазақстандағыдай азық-түлік неге қымбаттамайды

19.05.2022, 12:07
Фото: Ашық дереккөзден

Сенатор Ақылбек Күрішбаев азық-түлік инфляциясына қарсы күрес шараларын ұсынды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында ол азық-түлік инфляциясының рекордтық деңгейге жеткені туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сенатор Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттайтын әлемдегі 10 елдің қатарына кіретініне қарамастан азық-түлік бағасының өсуі бүгінде қазақстандықтарға маңызды мәселеге айналғанын атап өтті. Депутат бұл ретте біздің еліміз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көптеген басқа елдердің алдына түсіп кеткеніне назар аударды.

«Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік органдарымыз өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады, олардың іс қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқ асты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын заңнамалық деңгейде дәл анықтап, бекітілуі тиіс және тамақтану нормасын анықтауда нақты тәсілдерге көшу керек деп санайды.

«Бізде  азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуы тиіс. Барлық дамыған елдерде бұл мәселелер ұзақ мерзімді экономикалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шешіледі. Сондықтан оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей көтерілмейді», - деді сенатор.

Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажеттігін атап өтті. Сенатор сонымен қатар егер осы тетікті әзірлейтін болсақ, форвардтық келісімшарттарға аванс беру есебінен ауылдағы тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыру, яғни несиелендіру мәселелері де бір мезгілде шешіледі, деп атап өтті.