Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік азаматтар мен кәсіпорындарға кезекті санкция салу жөнінде жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1 сәуір күнгі жарлыққа сәйкес, санкцияға 33 жеке тұлға және 200-ден астам компания ілінді. Президент кеңсесі сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің әйелі Светлана Медведева мен ұлы Илия Медведевке де санкция салынған. Тізімде сонымен бірге Владимир Путиннің айналасындағы адамдардың бірі бұрынғы спортшы Алинка Кабаеваның анасы Любовь Кабаева да бар.
Азаттықтың мәліметінше, санкция сонымен бірге Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қызы мен президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Сергей Кириенконың отбасына салынған.
Шектеуге сонымен қатар Запорожьедегі "Мотор Сич" авиазауытының бұрынғы басшысы Вячеслав Богуслаев та ілінген. Украина қарулы күштері былтыр оны қазанда ұстаған. Богуслаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
Зеленскийдің жарлығына сәйкес, шектеу 10 жылға енгізіледі. Төрт компанияға (Челябинскідегі "Электромашина", "Сибприбормаш", Нижнеломов электромеханика зауыты және Славгород радиоаппарат зауыты) сәл жеңілдік жасалған. Оларға салынған санкция 5 жыл күшінде болады.
Ақпаратқа қарағанда, тізімдегі тұлғалар мен компаниялардың активтерін Украина аумағынан шығаруға тыйым салынған, компаниялар алдындағы қаржы және экономикалық міндеттемелерді орындау тоқтатылады.
Киевтің айтуынша, тізімге ілінген жеке және заңды тұлғалар Ресейдің Украинаға басқыншылығына қатысы бар.
Ресей жағы жаңа санкцияға қатысты түсініктеме бермеді.