×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Тағы да қымбатшылық: наурызда инфляция қай өңірде күрт өсті

03.04.2023, 11:44
фото: ашық дереккөзден

2023 жылдың наурызында ақпан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер құны 0,8%-ға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, наурызда қызанақтар – 12,7%, тәтті бұрыш – 4,9%, қырыққабат – 4,5%, қызылша 3,6% қымбаттаған. Бағаның өсуі күрішке – 3,4%, салқындатылған сусындарға – 3,3%, майлылығы 2,5% айранға – 3,0%, ультрапастерленген сүтке – 2,8%, банандарға – 2,2%, сиыр етіне және қышқыл сүт өнімдеріне – 2,1%-дан, сары майға – 1,4%, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға, кондитерлік өнімдерге 1,3%-дан байқалды. Қиярлар – 7,3%, қант – 2,1%, қарақұмық жармасы 2,0% арзандады.

“Азық-түлік емес тауарлардың ішінде наурызда бағаның ең көп өсуі жиһаз және үйге қажетті заттарға – 2,3%, жеке қолданылатын тауарларға 1,3% байқалды. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда электр аспалы шамы – 4,3%, кілем – 2,5%, диван-төсек – 2,4%, орындық 2,2% өсті. Жеке қолданылатын тауарлар ішінде дезодорант – 2,5%, дәретхана қағазы – 1,9%, иіс сабын – 1,7%, тіс щеткасы – 1,5%, шашқа арналған бояу 1,3% қымбаттады”, – делінген хабарламада.

Қызмет көрсету бойынша бағалардың өсуі денсаулық сақтау қызметтеріне 1,7% байқалды. Стоматологиялық қызметтер – 1,8%, медициналық зертханалар қызметтері 1,1% қымбаттаған. Бағаның жоғарылауы жолаушылар темір жол көлігі қызметтеріне – 3,7%, шаштараздар мен сұлулық салондарына – 2,5%, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсетуге 0,7% тіркелген.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Астана қаласында 0,4% тіркелді.

Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының бағалары ең жоғары Алматы облысында – 2,2%, азық-түлік емес тауарлар – Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 1,1%-дан, ақылы қызметтер Түркістан облысында 2,0% өсті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елімізде  инфляция қарқыны үдеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтарда елдегі жылдық инфляция 20,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%) құрады. Өңірлер бойынша 19 облыста инфляция үдеп, тек 1 облыста ғана (Қарағанды ​​облысы) бәсеңдеген.

Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер құны 15% өсті.

Өткен аптада Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөз сөйлеген президент Үкіметке елдегі инфляцияны кемінде 2 есе төмендетуді тапсырды.

 

Серіктес жаңалықтары