Қытай мен басқа елдер, соның ішінде Қазақстан арасында жүк тасымалын қалпына келтіру үшін дипломатиялық өкілдіктер ҚХР басшылығына ұжымдық үндей жасап мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап ретінде Премьер -Министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
2020-2021 жылдар аралығында Қытай тарапымен барлық деңгейдегі келіссөздерде қазақстандық тарап ҚР-ҚХР өткізу пункттерінің өткізу қабілеттілігін қалпына келтіру мәселесін көтерді.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігі жүк тасымалын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру мақсатында ҚХР-ға көршілес елдердің дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесе отырып, ҚХР СІМ басшылығына және Қытайдың басқа ведомстволарына ұжымдық өтініш беру мүмкіндігін қарастыруда», - деді Мұхтар Тілеуберді.
Оның айтуынша, ҚР СІМ қазақстандық компанияларға Қытайда тұрып қалған жүктерді Қазақстанға жеткізуге тұрақты түрде көмек көрсетеді. 25 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанға 230 контейнер жіберу мәселесі шешілді.