×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Күдебаевтың ізімен: үйқамақта отырған «ТаразЭнергоның» экс-басшысы қашып кетті

05.04.2023, 09:56
Күдебаевтың ізімен: үйқамақта отырған «ТаразЭнергоның» экс-басшысы қашып кетті
видеодан кадр

Үйқамақта отырған «ТаразЭнерго» орталығының экс-басшысы қашып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, «Мемлекет қаржысын жымқырды» деп айыпталған бизнесменнің қайда кеткенін ешкім білмейді. Бақберген Мәуленов соңғы сот отырыстарына да келмеген. Жуық арада үкім оқылады деп жүргенде, судья қашып кеткен айыпталушыға іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Ол да генерал Серік Күдебав секілді шетел асып кетті ме, әлде ел ішінде жасырынып жүр ме, ол жағы әзірге белгісіз.

Бақберген Мәуленов қазынаның 2 миллиард теңгесін қалтасына басқан деп күдікке ілініп, бір жарым жыл бұрын баласы екеуі қамауға алынған. Өзі үш ай бұрын кепілдікпен үйқамаққа шыққан еді. Ал ұлы мен тағы 7 сыбайласы осы іс бойынша тергеліп жатыр. Жылу тарату мекемесінің экс-президенті баласын түрмеге тастап өзі із суытқаны көпті таңдай қақтырды. Ал оның жоғалып кеткені туралы 28 наурыз күні сот отырысында белгілі болыпты. Бірақ ресми мәлімет тек кеше тарады.

“2023 жылғы 28 наурыздағы қаулыға сай, сотталушы Б. Мәуленов сот отырысына себепсіз келмегеніне байланысты іздестіру жарияланды. Сотталушы ұсталған соң бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту шешімі бар. Еске сала кетейік, бұның алдында сотталушы Б.Мәуленовке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақ болатын. Қаулыны орындау үшін Жамбыл облысының полиция департаменті мен экономикалық тергеу департаментіне жолданған”, -делінген  Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.

Бұдан бұрын Ulysmedia.kz Серік Күдебаевтың сот үкімі шықпай тұрып Қазақстаннан қашып кеткенін хабарлаған болатын. Тілшілеріміз экс-шенеуніктің 23-24 наурыз күндері Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкекке арқылы Түркияға жол тартқанын анықтады. Оған халықаралық іздеу жарияланды.