Тель-Авивте белгісіз ер адам өтіп бара жатқан жүргіншілерге оқ жаудырып, көлігімен көп адамдардың арасына кіріп кеткен. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Оқиға туралы 7 сәуір күні кешке белгілі болды. Израиль Сыртқы істер министрлігі бұл келеңсіз жайтты «теракт» деп атады.
Салдарынан жеті адам зардап шекті, оның екеуі ауыр халде. Олардың барлығы Ұлыбритания мен Италия азаматтары болған.
Шабуылдаушыны тәртіп сақшылары сол жерде өлтірді. Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, күдікті 45 жастағы «израильдік араб» Юсеф Абу Жабер. Ел билігі шабуыл жасаған адамның кім екені туралы әзірге ешқандай мәлімет бермеді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху полиция мен армияға шабуылдан кейін қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.