Египет Ресейге он мыңдаған зымырандарды жасырын түрде жіберуді жоспарлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz The Washington Post басылымына сілтеме жасап.
Басылым жариялаған Пентагонның құпия құжаттарының бірінде Египет президенті Абдель Фаттах Ас-Сисидің Ресейге жөнелту үшін жасырын түрде 40 мыңға дейін зымыран шығаруды жоспарлағаны көрсетілген.
Discord-та жарияланған құжаттарға сәйкес, Мысырда Ресей Федерациясына зымыран жеткізу мәселесі ақпан айында талқыланған. Артиллериялық снарядтар мен мылтықтарды жеткізу мүмкіндігі де қарастырылған.
The Washington Post-тың сұрауына берген түсініктемесінде Египет СІМ өкілі "елдің ұстанымы бастапқыда қақтығысқа араласпауға негізделгенін" атап өтіпті.
"Біз екі тарапты соғыс қимылдарын тоқтатуға және келіссөздер арқылы саяси шешімге келуге шақырамыз", – деді ол.
Сонымен бірге, АҚШ үкіметінің өкілі анонимділік шарттарымен әзірге мұндай жоспарларды жүзеге асыру туралы деректер жоқтығын хабарлаған.
Басылым Египеттің АҚШ-пен ынтымақтастықты арттырып жатқанын еске салады. Атап айтқанда, АҚШ ондаған жылдар бойы елге әскери көмек ретінде жыл сайын миллиард доллардан астам қаражат беріп келеді.
"Египет – Таяу Шығыстағы ең көне одақтастарымыздың бірі. Егер Сиси Украинаға қарсы қолдану мақсатында Ресей үшін жасырын түрде зымырандар шығаратыны рас болса, біз қарым - қатынасымызды байыпты түрде қайта қарауымыз керек", - деді сенатор Крис Мерфи.
Құжаттарда айтылған Сисидің қатысуымен талқылау 1 ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Египет президентімен кездескеннен бірнеше күн өткен соң болған. Блинкен сапарынан кейін Египеттің Сыртқы істер министрі Самех Шукри Ресей басшыларымен келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге аттанған.