×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Маралдыдағы алтын өндірісі: министрлік фабриканы қалай жабуға болатынын айтты

13.04.2023, 14:47
Маралдыдағы алтын өндірісі: министрлік фабриканы қалай жабуға болатынын айтты
фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылының тұрғындары алтын өндіруші компанияның жұмысын тоқтату мәселесін тұрғындар сот арқылы шеше алады. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, жергілікті халықтың наразы ұстанымын ескеріп, жергілікті экология департаменті тәуелсіз сараптамалық комиссия құруға дайын. Департамент осындай өтінішпен Қазақстан экологиялық аудиторлар қауымдастығына және Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне жүгінген.

Комиссияның мақсаты – қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу. Сараптамаға коммерциялық емес ұйымдар мен қажетті деңгейдегі кәсіби дайындығы бар тұлғалар тартылмақ. 

Сондай-ақ, Айдар Абдуалиев Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының халқына алтын өндіруші компанияның жұмысын тоқтату үшін не істей алатындарын түсіндірді.

«Бұл мәселеде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұстанымы құқық талаптарына негізделген. Мәселенің бәрі экологиялық заңнама аясында қарастырылады. Экология заңнамасы бұзылған жағдайда аталған алтын өндіруші фабриканы жауып тастауға болады. Қазіргі таңда рұқсат беретін құжаттары бар. Бұл жобаға қоғамның бір бөлігі қарсы, тағы бір бөлігі мақұлдап отыр. Қоғам қауымдастығы сот органдарына шағым түсіруге хақылы екенін айтқым келеді. Бұл жерде қоғамдық тыңдаудың хаттамасының күшін жою туралы арыз түсіре алады. Осы арыз негізінде сот тұрғындардың пайдасына шешім шығарса, біз де өзіміз берген қорытындыны кері қайтарып ала аламыз», - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Маралды ауылының тұрғындары алтын фабрикасына наразылық ретінде үйлерінің аулаларына жаппай плакат ілген.

Сондай-ақ, 19 наурызда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы кезінде Маралды ауылының тұрғындары мен сол ауылдан шыққан азаматтар сайлау бюллетеніне өздерін мазалаған мәселені жазып, наразылығын білдірген еді.