Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары, "А" арнайы мақсаттағы қызметінің басшысы Әнуар Садықұловтың қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 шілдесіне дейін ұзартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Ал ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожинді қамауға алу мерзімі 13 шілдеге дейін ұзартылды.
"ҰҚК-нің тергеу тобы Мәсімовке, Садықұловқа, Ерғожинге және басқа да тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 175-бабы 1-бөлігі, 179-бабы 3-бөлігі, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 366-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыс жасау белгілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда", – деп хабарлады ҰҚК-де.
Еске салсақ, 6 қаңтарда ҚР ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау (ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігі) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады – Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық іс "өте құпия" деп танылды.
Бұған дейін Кәрім Мәсімов пен Әнуар Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 6 маусымға дейін, Дәулет Ерғожиннің қамау мерзімі 13 маусымға дейін ұзартылған еді.