Қосшы қаласында коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын берген. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалған.
“Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда, 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға бағытталған бірыңғай іс-қимыл жасаған жоқ. Ал құжаттарға сәйкес, ЖШС тұрғын үй кешенін салуды көздеген. Кадастрлық құны 65 млн. теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 млн теңгеге сатқанынан ғана жасауға болады. Алайда, қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады”, – делінген хабарламада.
Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізді. Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 07.11.2022 жылғы шешімімен Департаменттің талап-арыз талаптары жерді мемлекетке қайтарумен толық көлемде қанағаттандырылды. Бұл шешім 16.02.2023 жылы заңды күшіне енді.
Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша осы жер учаскесінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мектеп салу жоспарланып отыр.