Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен адамдардың жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүгін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында таңғы сағат бестер шамасында №2 мөлтекаудандағы екі подъезді, қосқабатты тұрғын үйде газ жарылысы болды. Қазір оның себептері анықталып жатыр. Бастапқыда апат себебі - газ баллоны деп берілген болатын. Қазір ол версиядан айныдық. Өйткені ол тұрғын үйде газ жүйесі жүргізілген. Сондықтан газ баллоны болмауы да мүмкін», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ ТЖМ өкілі ол апаттан зардап шеккен адамдар туралы соңғы мәліметті айтты.
«Жарылыстан 3-4 үй зардап шекті. Опырылу салдарынан 4 адамның қайтыс болғаны туралы мәлімет алып отырмыз. Сондай-ақ, 13 адам зардап шекті. 7 адам ауруханадан үйіне жіберілді және 3 адам ауруханада, екі адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқаны туралы мәлімет алдық», - деді Дербісов.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзендегі апат кезінде қаза болғандар саны 4 адамға жеткені хабарланған.