×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Айыпты оқушылардың ата-анасы жазалансын»: мәжілісмендер бас прокуратураға жүгінді

20.04.2023, 10:44
«Айыпты оқушылардың ата-анасы жазалансын»: мәжілісмендер бас прокуратураға жүгінді
Фото: Ашық дереккөзден

Депутат Нартай Аралбай оқушылардың бір-біріне жасаған қатігездігі жөнінде айтып, премьер-министр мен бас прокурорға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кеткен. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр.

«Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек» деді.  Ендеше бұл мәселені дереу шешетін кез келді. Әлімжеттіктің көбеюінің бір себебін мамандар пандемия уақытында онлайн оқыған оқушылардың кейін ортаға еркін бейімделіп кете алмауы. Қазір соның салдарын көріп отырмыз», - дейді ол.

Ол фактілерді атады: сәуір айының басында Түркістан облысы Төрткүл ауылында су каналынан 15 жасар қыздың өлі денесі табылған. 9 сыныпта оқыған жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталған. Біреуі марқұммен бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысы, екіншісі 19 жастағы сол ауылдың тұрғыны. Белгілі болғандай күдіктілер  жасөспірім қыздан 1 млн теңге бопсалаған.  Алматы облысындағы Саты ауылында орын алған қайғылы оқиға төбе шашымызды тік тұрғызған.

Алдымен 10 сынып оқушысының көз жұмғанын естідік. Белгілі болғандай, 11 сынып оқушысы 10 сынып оқушысына әлімжеттік жасап ұрған. Салдарынан бала тіл тартпай кетті. Марқұм болған 10 сынып оқушысының жерлеуінен кейін оның досы, сыныптасы өз өзіне қол салып қайтыс болды. Соңғы хатында ол: «мені досымның қасына жерлеңдер» депті. Күдікті ретінде танылған 11 сынып оқушы қазір үйқамақта екен. Бұл  жайтта марқұмның туыстарының наразылығын тудырып отыр. 

«Зерттеулерге сүйенсек Қазақстандағы әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады екен. Салдарынан болған суицидтің саны бойынша әлемде соңғы орында емес екенімізді білесіздер. Бас прокурор Берік Ноғайұлы, жоғары аталған істерді қатаң бақылауға алып, айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауыңыз сұраймыз. Және әлімжеттік фактілерін біле тұрса жасырып қалған қызметтегі азаматтардың да жазаға тартылуы керек. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Және айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек», - дейді ол.

Нартай Аралбай премьер-министрге жасаған ұсыныстарында мектептерде оқу мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін жүйе қалыптасуы тиіс екенін мәлім етті.

«Әрбір пәннің тәрбиелік функциясы, әрбір мұғалімнің тәрбиелік жауапкершілігі болуы тиіс. Қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1193 қаулысының 4-қосымшасының негізінде  сынып жетекшілерге 1-4 сыныптар үшін 8800 теңге (базалық лауазымдық жалақының 50%-ы), 5-11 сыныптар мен колледждер үшін 10600 теңге (базалық лауазымдық жалақының 60%-ы)көлемінде қосымша ақы белгіленген. Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор  штаттық бірлігін барлық мектептерге енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз», - дейді ол.

Нартай Аралбай балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету керек. «Арыздауға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген сынды қылмыстық өткені бар түсініктерді жою керек деп есептейді.

«Оқушылардың театр сынды мәдени орталықтарға ақысыз бару тетіктерін қарастыру қажет.  Оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеу  керек. Ата-аналарда үйде баланың гаджеттерді шектен тыс қолдануына жол бермеуі қажет», - дейді ол.