×
470.9
496.94
8.83
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
470.9
496.94
8.83

Заңсыз болса тоқтатамыз – Күршімде алтын қазғандарға қатысты дау астанаға жетті

17.06.2022, 13:29
Коллаж: ulysmedia.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындарымен кездескенін мәлім етті. «Мәселеден хабарым бар» дейді ол. 22 маусымда комитет төрағасы Маралдыға барып, халықпен кездесіп, алтын қазатын мекеме жұмысын заңсыз атқарып жатса, «жұмысын тоқтатамыз» деп отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Жаңа ғана ол кісілермен кездестім. Жалғыз Күршім емес. Жалпы Шығыс Қазақстанда табиғатымыздың қандай әсем екенін білесіз. Сол жердегі алтынды заңсыз (?), заңды өңдеп жатқан мекемелермен бірнеше проблема бар. Жаңа ғана депутаттармен бірге кездестік. Келесі аптада үлкен тыңдау өтетін болды. Алтын өңдейтін мекеме өкілдерімен Маралды деген жерде жиын өткелі жатыр. Мен сол жерге өзім қатысайын деп отырмын», - деді комитет төрағасы мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстанда алтын өңдейтін мекемелерге бірнеше рет тексеріс жұмыстары жүргізілген.

«Олар культивация жұмыстарын жүргізіп жатыр. Заңсыз қойған тоғандарының бәрін бұздық: жазаға тартылды», - деді ол.

Вице-министрден жалпы Маралдыда қандай компания алтын қазып жатыр деген сұрақ қойылған.

«Заңды істеп жатқан бар. Заңсыз істеп жатқандар бар. Заңсыз істеп жатқандардың бәрінің экологиялық талаптарды орындап жатқаны бар. Бірнеше компанияға тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі болады. Өткен жылы екі мекемені тексеріп, ластап жатқанын (...) Ол Күршім өзенінен құйылатын сулар ғой. Сол бойынша тексеру жүргіздік. ИП «Хван» деген компания бар», - деді ол.

Вице-министр 22 маусымда Маралдыға баратынын, өз көзімен көретінін айтты.

«Халықтың келісімі болмаса жұмыс тоқтау керек! Заңсыз болып жатса, біз әрине тоқтатамыз», - деп түйді Зұлфұхар Жолдасов.

Еске сала кетсек Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары Күршім өзенін ластап, көк майса жерді қопарып жатқан беймәлім компанияның жұмысына наразылық білдірген болатын. Желіде жарияланған видеода ауыл тұрғындары өзен бойын қазып жатқан жұмысшылардан басшылықтары келіп, істің анық-қанығын түсіндіргенше жұмыстарын тоқтатуды талап етуде. Айтуларынша, бұл мәселені көтеру үшін Маралды ақсақалдары елордаға келген.

Жалпы бұл ауылда алтын қазған мекемеге қарсы наразылық былтыр да болған. Ол тұста ауыл тұрғындары алтын қазып жатқан «Maralicha» тау-кен компаниясына қарсы наразылық білдірген болатын.