×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

Олигархтардың астауына айналған ҚД банктің бұрынғы басшылары Тоқаевпен келіспей ме

20.06.2022, 23:57
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазанынан қақпақ кеткен Қазақстан Даму банкін президенттің өзі қатаң сынаған бұған дейін. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл банктің «бір топ адамның жеке банкіне» айналып кеткенін ашық мәлімдеген. Бірақ, күні бүгінге дейін банктің бұл кемшілігі үшін ешкім де жауапкершілік алған жоқ.

Бүгін де Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Қазақстан Даму банкін басқарған жылдары аталмыш қаржы институты қазақстандық олигархтардың «жеке банкіне» айналып кетпегенін мәлімдеді. Есқалиевтің өзі банкке 2006 жылы келген. Ал 2009 жылы сол банктің басшысы болып шыға келгені бар. Бұл лауазымды қазіргі әкім бір жыл ғана басқарды.

Жалпы 2009-2010 жылдар елдің дағдарыстан кейінгі күрделі кезеңді бастан кешіп жатқан шағы болатын. Мемлекет ақшаны аямай, индустриялық-инновациялық даму бағытында мемлекеттік бағдарламаларды бірінен кейін бірін жүзеге асыруды қолға ала бастаған.

Банкке қатысты сұрақ қаңтар оқиғаларынан кейін қойыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚДБ жұмысын қатаң сынға алып, ол банктің «қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс тобындағы бір топ адамдардың жеке банкіне айналып кеткенін» ашық айтты.

Бүгін Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына Ғали Есқалиев 2011 жылға дейін ҚДБ «жекенің» банкі болды деп есептемейтінін айтты. Алайда банкте ол жылдары сәтті де, сәтсіз жобалар болғанын жасырмады.

«Оны біреудің жеке банкі ретінде бағалауға болатындай жағдайды есіме түсіре алмай тұрмын. Менің кезімде әртүрлі компания жұмыс істеді. Әртүрлі себептермен сәтсіз жобалар да болды. Алайда көп жағдайда бәрі де бизнес-жоспарға сәйкес жұмыс істеп, Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосты», - деді Есқалиев.

Еске сала кетсек 19 мамырда «таңдаулылар банк» KAZ Minerals жобасына 120 млн доллар қарыз алған еді. Ал 13 мамырда ҚДБ «ескі несиені жабу» үшін 500 млн доллар алған.

Айта кетерлігі, Қазақстан Даму банкін басқарған Болат Жәмішев дәл осы сұраққа берген жауабында 2014-2019 жылдар аралығында банк жұмысында ешқандай проблема болмағанын айтып өткен.

«Егер банктің портфеліне қарайтын болсақ, бұл таза әрі сенімді портфель. Проблемалық қарыз немесе уақытынан қарызды кешіктіру секілді кемшіліктер жоқ. Сол себепті мен сіздің сұрағыңызды хайп ретінде қабылдаймын. ҚДБ-дда проблема жоқ. 5 жыл бойы болмаған. Мен істеген кезде де, қазір де».

Бұдан бұрын Ulysmedia.kz порталының тілшісі Қазақстан Даму банкінің қызметі жөніндегі аудиторлық есепті зерттеп, мемлекеттік банк былтыр қанша ақшаны несиеге бергені туралы ақпаратты бөліскен. Ол мақалада ҚДБ-ның бұл күнде жұмыстан шығып кеткен топ-менеджерлері өз жұмысы үшін қанша сыйақы алғаны да жазылған.