Алматыда наразылық акциясы кезінде кемінде 4 адам ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Оппозиция митингісі өтеді" деген Орталық саябақта полиция әдеттегіден көп. Олар саябақтың іші-сыртын бақылап тұр.
Бұл маңға шағын топ жиналып үлгерген. Аумақта интернет нашарлаған. Жиналғандардың саны 20-ға жуықтайды. Прокуратура оларға ескерту жасады. Орталық саябақта прокуратура ескертуінен кейін жиналғандардың бірі "Бізде қайдағы демократия? бізде полиция режимі" деп ашуланды
Полиция кемінде төрт адамды күштеп ұстап әкетті. Осы уақытқа дейін полиция адамдарды ұстау себебін түсіндірмеді.
Жиналғандардың кейбірі "Қытаймен визасыз режимді енгізбеуді" және Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап етуде.
#NotExtremists телеграм-арнасы Алматыда журналист Думан Мұхамедкәрім ұсталғанын мәлімдеді. Бұған дейін оның үйіне полиция келгені туралы хабар тараған. Адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхамедкәрімнің ұсталғанын растады. Оған полиция қызметкерлері хабарласып, журналистің үстінен "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы (488-бап, 12-бөлік) бойынша хаттама толтыратынын айтқан. Қазір адвокат та Іле аудандық полиция бөлімшесінде.
Бұған дейін 1 мамырда Қазақстан қалаларында елді ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығару мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап ететін оппозиция митингісі өтетіні хабарланған еді.