×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде пікір білдірді

29.06.2022, 21:54
Фото: Ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Алтыншы Каспий саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдіре отырып, осы маңызды кездесудің офлайн өткізілуі дер кезінде және дұрыс болғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Каспий – пайдалы ресурстардың мол қоры ғана емес, сондай-ақ шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын теңіз. Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің әлеуетін  толыққанды пайдалану мақсатымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективті жолдарын белгілеп берді.

«Біздің бүгінгі басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Төрт жыл бойы осы мәселеге қатысты өзара тиімді шешімдерді іздеу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл мәселелер тікелей ұлттық мүддеге байланысты болғандықтан, тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз. Біз көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін бар күшімізді салуға дайынбыз, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады деп санайды. Оның пікірінше, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты.

«Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.

«Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан президенті. 

Мемлекет басшысы Қазақстанда азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталғанын айтты.

«Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.