×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Депутаттардың көңілі толмайды – Қошанов үкіметті сынға алды

30.06.2022, 11:24
Коллаж: ulysmedia.kz.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов екінші сессияны қорытындылай келе үкіметті сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Парламент пен үкіметтің бірлесіп тиімді жұмыс істегенін айта отырып, заң шығару процесіне теріс әсер ететін жекелеген кемшіліктерді де атап өткен жөн. Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы. Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бастайды. Мұны, әдетте, жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады. Парламент қабырғасында заң жобаларының көптеген нормаларын қайта өңдеп шығу, жекелеген нормалар бойынша Үкімет мүшелерінің нақты ұстанымының болмау үрдісі қалыптасты», - деді Қошанов бүгінгі отырыста.

Оның айтуынша, мысалы, денсаулық туралы кодекстің бір нормасы тек бірінші жартыжылдық ішінде  қарама-қарсы позицияда екі рет түбегейлі өзгерген. Қаңтар айында елімізде тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шекті бағасыз сатып алуға және бірлесіп төлеуге жол берілмейді деген норма қабылданған. Алайда маусым айында бұл норма қайта алып тасталған. Екі жағдайда да өзгерістің қажеттілігі халықтың дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін деген уәжбен түсіндірілген.

«Мұндай фактілер бірлі-жарым емес. Қаралып жатқан заң жобаларына өзгерістер толассыз енгізіледі, олардың ішінде жобаның тұжырымдамасына сай келмейтін түзетулер де бар. Соның салдарынан заң жобасының бастапқы концепциясы айтарлықтай өзгереді. Министрлер депутаттар арқылы өздерінің «жанып тұрған» мәселелерін шешіп қалғысы келетін жағдайлар да бар. Бұл Мәжілісте де, Сенатта да қаралу сатысында кездеседі. Осының салдарынан мәжіліс мақұлдаған заң жобасын сенат  түзетулермен қайтаруға мәжбүр болады. Көп жағдайда бұл жаңа түзетулер – Мәжілісте ұсынылмаған және талқыланбаған нормалар болып келеді», - деді ол.

Ерлан Қошанов заң жобаларын сапасыз дайындау және сараптамаларды уақтылы жүргізбеу мемлекет басшысы алға  қойған міндеттерді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін екенін де ескертті. Депутаттардың түзетулеріне қорытындылардың уақтылы берілмеуі де ерекше назар аударуды қажет етеді дейді ол.

«Мысалы, бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің жауабы 5 айдан кейін келді. Соның салдарынан, бұл заң мәжіліске енгізілгеннен кейін екі жыл өткен соң ғана қабылданды. Заң жобаларын парламенттің қос палатасында таныстыру кезінде жекелеген министрліктер мен ведомстволар баяндамашыларының дайындығы жеткіліксіз болатын жағдайлар да кездеседі. Заң жобалары мен сараптамалардың сапасын бағалау алдағы уақытта да  Парламенттің ерекше бақылауында болады.  Депутаттық корпустың өздерінің сауалдарына берілетін жауаптардың сапасына да көңілі толмай жатады. Сауалдарда біз, ең алдымен, сайлаушыларымыздың тілектері мен аманаттарын көтеретінімізді түсіну керек. Оған Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардан стандартты, сырғытпа жауаптар келеді», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

«Сондықтан, мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға ауызша жауап беруін практикаға енгіздік» дейді төменгі палата басшысы. Сонымен қатар ол алдағы уақытта  депутаттар корпусы мен үкімет мүшелері заң сапасын арттыруда жүйелі жұмысты жолға қоюға бірлесіп атсалысуы керек екенін мәлім етті.