×
475.51
464.15
8.2
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
475.51
464.15
8.2

Қор нарығына инвестиция салу. Пайда табу және ұтылмау үшін нені ескеру керек?

30.06.2022, 13:11

Инвестиция – ақшаны көбейту мақсатында әлдебір зат сатып алу немесе қарызға беру. Қор нарығындағы инвестиция құнды қағаз сатып алу деген сөз.

Ақшаңызды банкке салу мен үйіңізде сақтаумен салыстырғанда қор нарығына инвестициялаудың ең басты айырмашылығы – қор нарығына салынған инвестиция күрт өсуі де, керісінше бірден азайып кетуі де мүмкін. Егер сіз қаражатыңыздың пайда табуы да, керісінше азайып кетуі мүмкін екенін саналы түсініп, тәуекелге бара алатын болсаңыз ғана қор нарығына инвестициялаған жөн.  Инвестордың ең бірінші қасиеті осы – тәуекелге бара алу.

Екіншіден, жауапкершілікті толық түсіну қажет. Егер салған инвестицияңыз үлкен өсім көрсетсе де, күйіп кетіп жатса да, ең алдымен өзіңіз ғана жауапты екеніңізді түсінуіңіз керек. Брокер сіздің тапсырысыңыды орындаушы делдал ғана. Ал қандай құнды қағаз сатып алу қажеттігін өзіңіз шешесіз. Егер брокердің кеңесіне құлақ асқыңыз келсе де, ол да сіздің таңдауыңыз, брокерлердің де кепілдік бермейтінін ескеруіңіз керек.

Міне, осы екі қасиет – тәуекел мен жауапкершілікті өз мойныңызға ала алатыныңызға сенімді болсаңыз, қор нарығына инвестиция салуыңызға болады.

Инвестиция жасау үшін брокерге жүгінесіз

Сонымен, инвестор болу үшін алдымен брокермен шарт жасалады да арнайы брокерлік шот ашылады. Өйткені сіз ешқандай да компанияның құнды қағазын тікелей өзінен барып сатып ала алмайсыз.

Бағалы қағаздарды сатып алу үшін шарт жасалғаннан кейін клиентброкерлік шотын толтыру тиіс. Брокерлік шотты банк картасы арқылы сауда платформасында немесе банк кассасында SWIFT аударым арқылы толтыруға болады.  

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес брокерге клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын клиенттің тиісті жазбаша рұқсатынсыз өз мүдделеріне немесе үшінші тұлғалардың мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, брокерге клиенттің бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге тыйым салынады.

Брокермен жұмыс істегенде неге мән беру керек?

Брокер таңдағанда алдымен Қазақстанда брокерлікпен айналысуға лицензия алған компанияны табу керек.  Ондай тізім мысалы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында бар.

Екіншіден, лицензиясы бар брокерлердің ішінде де сапалы брокерлерді таңдауға көңіл аударыңыз. Ол үшін мына көрсеткіштеріне назар аудару қажет:

Сонымен қатар қаржылық есептеріне де бір сәт көз жүгіртіп, табысты брокер екеніне көз жеткізіңіз. Мұндай ақпаратты брокердің сайтынан немесе брокер мүшесі болып табылатын қорбиржасының сайтынан таба аласыз.

Бұдан бөлек халықаралық рейтингтік агенттіктердің берген рейтингіне де көңіл аударыңыз. Себебі рейтингтік агенттіктер барлық көрсеткіштерін есепке ала отырып қаржы ұйымдарына қаншалықты сенім артуға болатынын жариялап отырады.

Қалай сауда жасаймыз?

Қазіргі таңда биржада сауда жасау айтарлықтай қиын емес. Өйткені барлық брокерлік компаниялар жаңа технологияларды барынша пайдалануға тырысады, онлайн сауда жасайтын платформалар енгізеді. Мұндай технологиялардың web нұсқалары да, мобильді нұсқалары да бар. Мәселен, tradernet.kz платформасы қазақстандық инвесторлар үшін ең қолайлы платформалардың бірі. Платформа арқылы қалаған құнды қағазды сатып алып, сатумен қатар, түрлі аналитикалық материалдарды оқи аласыз. 

Инвесторлардың түрлері

Бағалы қағаздардың қандай да бір түрін таңдау кезінде инвестордың мақсаты мен оның тәуекелге қатынасын айқындап алу маңызды. Инвестициялау мақсаттары мен тәуекелге қатынасына сәйкес инвесторлар үшке бөлінеді:

1. Консервативті инвестор – басты міндеті салынған қаражатты қорғау, айталық, инфляциядан қорғау болып табылатын инвестор. Ол кірістілігі төмен және тәуекелі төмен бағалы қағаздарды таңдайды.

2. Қалыпты-агрессивті инвестор – капиталының өсуі үшін оны ұзақ мерзімді салымдарға салатын инвестор. Ол бір жағынан, салымдарын кірістілігі және тәуекелі төмен бағалы қағаздарға жүзеге асырып, екінші жағынан тәуекел деңгейі біршама жоғары құралдарға да басымдық беріп, портфельді ішінара өзгертіп отырады.

3. Агрессивті инвестор – салынған қаражатының жылдам өсуіне күш салатын, ол үшін тәуекел деңгейі жоғары және тартымды бағалы қағаздарға инвестициялауға, өз портфелінің құрылымын жылдам өзгертуге даяр және бағалардың өзгеруін өз есебіне пайдаланатын инвестор.

Портфельді қалыптастыру кезінде инвестор тәуекел-кірістіліктің ара қатынасын, салымның мерзімін, бағалы қағаздың типі сияқты факторларды ескеруге тиіс. Яғни, өз портфелін қалыптастыру кезінде инвестор бағалы қағаздардың инвестициялық сапасын бағалауға тиіс.

Бағасы күрт өсіп отыратын акциялардың өте қысқа мерзім ішінде бағасы төмендеп кетуі де мүмкін екенін түсіну қажет. Мұндай жағдай құбылмалылық деп аталады және ол неғұрлым жоғары болса, бағалы қағаздың тәуекелге ұшырағыштығы да жоғары болады.

Тәуекелі азырақ құралдардың, әдетте, кірістілігі тұрақты және болжамды болады, бірақ кірістілік деңгейі онша жоғары болмайды. Сарапшылар портфельді салалар бойынша ғана емес, құралдың тиісті түрі бойынша да бөлуге кеңес береді. Мысалы, құрал түрі мен тәуекелдері бойынша бағалы қағаздарды қарапайым инвестор үшін ең көп таралған үш топқа бөлуге болады: мемлекеттік бағалы қағаздар, корпоративтік облигациялар және акциялар.

Жалған брокерлерге тұтылып қалмаңыз

Жалған брокерлер клиентке түрлі интернет-сервистер мен сауда платформалары арқылы шетел валютасымен және өзге де қаржы құралдарымен операциялар жасауға қашықтан «қол жеткізуге» мүмкіндік береміз деп сендіреді. Бұдан басқа, Қазақстан нарығында сенімгерлік басқару қызметтерін ұсыну арқылы үшінші тұлғалардан ақша қаражатын тартатын жекелеген компаниялар жұмыс істейді. Бұл компаниялар кейіннен қаржы құралдарына және басқа да мүліктік объектілерге қаражат салады. Бұл ретте олардың тиісті лицензиясы болмауы мүмкін.

Бұл ұйымдар агрессивті жарнама науқанын жүргізеді, азаматтардың сенімімен және олардың кіріс алу ниетімен «ойнайды», оларға банктік салымдар сыйақының ағымдағы мөлшерлемелерінен асып кететін тұрақты жоғары пайданы уәде бере отырып адастырады. Бастысы кепілдендірілген және өте жоғары кірістілікке сенбеңіз. Мұндай уәделерді әдетте тек алаяқтар жасады.

Сонымен қатар олар ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратты жария етпейді. Клиент «өзі тапқан» кірісті алуға әрекет еткен кезде бұл компаниялар клиентке оның ақшасын қайтарудан жалтарады, не қандай да бір себептермен клиенттердің шоттарының күшін жояды, бұл да осындай компаниялардың тарапынан алаяқтық әрекеттер белгілеріне ие.

Брокердің алаяқ не шын брокер екенін тексеру қиын емес. Жоғарыда айтылғандай тіркелген елдің реттеушісінің лицензиясы болуы керек.

Ең бастысы – стратегияны дұрыс таңдаңыз

Стратегия — сіздің биржадағы тактикаңыз бен мінез-құлқыңыздың стилін айқындайтын инвестициялаудағы кейбір критерийлер. Сіз қандай активтермен сауда-саттық жүргізетініңізді, операцияларды қандай жиілікпен жасайтыныңызды және шешімдер қабылдау кезінде нені басшылыққа алтыныңызды шешіп алу қажет. Сіз жаңалықтармен, баға белгілеулермен және нарыққа әсер ететін сыртқы факторлармен танысып, оларды зерттеуге уақыт бөлуге дайын екеніңізді шешіп алыңыз.

 

Ең бастысы эмоцияға берілмеңіз. Бастапқыда сіз көптеген қателіктер жіберуіңіз мүмкін. Бұл ретте таңдалған стратегияны ұстану және қағаз индексі қысқа мерзімде өзгерсе де, импульсивті әрекеттерді жасамау маңызды.

Екіншіден, соңғы ақшаңызды салып жібермеңіз. Биржада ақшаңызды сақтандыру деген жоқ. Егер сатып алған құнды қағазыңыз арзандап кетсе, жоғалтқан ақша қайтарылмайды.

Бүкіл ақшаңызға бір компанияның құнды қағазын сатып алмай, әр түрлі саладағы әр түрлі компанияның құнды қағаздарын алыңыз. Бірі түссе, екіншісі соның орнын толтырады. Мұндай қарапайым ереже акцияларға ғана қатысты емес, басқа да қаржы құралдарының түрлеріне қатысты.

Бірнеше компанияға салған жеткіліксіз, сонымен қатар бір біріне ұқсамайтын бизнестегі компанияларға инвестициялаңыз. Мәселен, ақшаңыздың бір бөлігіне шикізат компаниясына салсаңыз, бір бөлігіне технологиялық компаниялардың акциясын алыңыз, тағы бір бөлігін медицина саласындағы компанияға инвестициялауға болады.

Саламен қатар географиялық ерекшеліктерге де мән беріңіз. Үш түрлі бизнестегі үш компания да бір елден болса, ол да қауіп. Сондықтан егер бір компанияны Қазақстаннан таңдасаңыз, бір компанияны Америкадан, енді бірін Қытайдан таңдаңыз.