×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Кімнің меншігі: Елорда билігі "Алаш" базарындағы былыққа неге көз жұмып отыр

30.06.2022, 14:13
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазақстанның астанасы – Елбасы туралы монументалды туындылармен безендірілген жаңа тарих қана емес. Өткен жылдан бастап қаладағы көрнекті орындар тізіміне "Алаш" қозғалысының жетекшілеріне орнатылған ескерткіш енді.  Бірақ Ulysmedia.kz тілшісі басқа "Алашқа" – қала шетіндегі базарға барды. Елордада мұндай базар барын жоғары лауазымды қонақтар білмеуі де мүмкін, ал жергілікті билік ол жайлы естімегендей кейіп танытады.

Алашордашыларға арналған монументті ашқан ел президенті бұл тарихымызға құрмет екенін, ал оның сол кездегі көмекшісі, қазіргі мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл еліміздің даму тарихындағы аса көрнекті қайраткерлерді мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмыстың тұтастығы мен жүйелілігінің көрсеткіші екенін атап өткен еді.

Кімнің былығы?

Нұр-Сұлтанда тағы бір "Алаш" бар, ол туралы қала билігі жақ ашпағаны былай тұрсын, шенді-шекпенділерге көрсетпеуге тырысады. "Алаш" базары – жергілікті  тұрғындардың, қалтасы жұқалау астаналықтардың игілігіне айналды. Оларға ең болмағанда 200 теңгені үнемдеу үшін сатушылардың салғырттығы мен базардың ластығына назар аудармауға тура келеді. Онда азық-түлік салынған қаптардың жерде тұруы қалыпты көрініс. Тіпті электр желілерінің аяқ астында ашық жатуы ешкімді алаңдатпайтын секілді.

Асылов, Ғиният, Ақшолақов пен Көлгінов картопты супермаркеттерден сатып алатын болар. Азық-түлікті 10 теңгеге арзанырақ сатып алуға болатын "Алаш" базарының бар екенін білмейді-ау, шамасы.

Неліктен базар дәл осы жерде орналасқан, неге жауапты адамдардың ешбірі ондағы заңсыздықтарға назар аудармайды? Бұл сұрақтар риторикаға айналғалы қашан, десе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Бұл мәселеге қоғам назарын аудартуға өзінің батыл мінезімен танылған елордалық белсенді Бота Шынықұлова бел шеше кірісті. Ол қала басшысы Көлгіновке жүгінумен шектелмей, мәселені шешуге бас прокурорды, Денсаулық сақтау және энергетика министрлерін тартпақ.

"Шұғыл! Біздің Астанамызда тұтыну үшін қауіпті азық-түлік сатылады. Атап айтқанда, "Алаш" базары жоғары вольтты электр жеткізу желілерінің астында орналасқан, бұл қала халқының денсаулығына теріс әсер етеді және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін".

Кейбіреуге заң кедергі емес

Мемлекет базар саудасын бақылаусыз жіберді деп ренжуге негіз жоқ – 2014 жылы сауда қызметін реттеу туралы заң шығарылды, ол нарық иелерін өркениет жолына түсіруі тиіс еді. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық базарлар жаңғыртылып, стационарлық павильондар салынып, сатушылар мен сатып алушыларға қалыпты жағдай жасалуы керек-тін. Алайда заң тек базар нарығында қайта бөлуді ынталандырды, ереуілдер, наразылықтарды көбейтті.

"Алаш" базары да мұндай оқиғалардан сырт қалған жоқ. Қала билігі арагідік ондағы тәртіпсіздіктерді жүгендейтін сыңай танытты. Мысалы, 2017 жылы әкімдік мемлекеттік жерлердегі барлық заңсыз құрылыстарды жоюды бұйырды. Алайда шенділе кейін өз тапсырмаларының орындалуын тексеруді ұмытты.

Бір жылдан кейін аудан әкімдігі барлық базарлар, соның ішінде "Алаш" та қайта жаңартылады деп жар салды, бірақ Бота Шынықұлова желіде жариялаған суреттерден жаңашылдықтың иісі де шықпайды.

Ulysmedia.kz редакциясы Бас прокурор, министрлер мен елорда әкіміне ешқандай аға-көкелері Бота Шынықұлованың ескертуіне құлақ асуға, қауіпті жердегі сауданы тоқтатуға кедергі келтірмейді деп үміттенеді.