×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

Біртановтың қорғаушылары қылмыстық істе Ресей мүддесі болғанын тұспалдайды

30.06.2022, 22:22
Фото: Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігін бұрын басқарған Елжан Біртановтың соттағы ісінде тың мәліметтер айтылып жатыр. Бүгін, яғни 30 маусымда болған сот отырысында істі қарап жатқан судья Әлкеновке қарсылық білдірген төртінші өтініш қаралды. Алайда өтініш қанағаттандырылған жоқ. Бүгінгі сот отырысында экс-министрдің қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев сотқа «заңның бұзылғанына көзі жеткен сайын өз жағы судьяға қарсылық білдіретіні туралы өтініш беретінін» ашық айтты. Адвокаттар істі басқа біреу қарауы керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгінгі сотта адвокат Нұрлан Бейсекеев іске ресейлік басылымдарда жарияланған мақалаларды тіркеу керектігін мәлім етті. Белгілі болғандай, сотта Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан келген Асқар Ақбаев – бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері әрі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкері болып шықты. Мәскеуде жұмыста болған кезінде ол күмәнді іс-шараларға қатысқаны айтылады. Мәселен, сол іс-шаралардың бірінде Ресейдің одақтас елдерге «жұмсақ күшінің» ықпалы талқыланса, ол қатысқан екінші іс-шара «Ресей мүдделері тұрғысында халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті реттеу» деп аталған. Іс-шаралардың тағы бірінің атауы тіпті «Иммиграция – Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне қарсы тегеурін» тақырыбында өткен. Әлбетте, сот барысында Ақбаевқа бұл материалдар ұнай қоймады. Түптеп келгенде ол судьяға өз қақы барын айтып, «самоотвод» алуға дайын екенін жеткізді.

«Менің түсінуімше, оған бүкіл процесті бақылау, куәгерлердің түсініктерін қадағалау тапсырылған болуы керек. Мен дәл солай дей қоймаспын, бірақ оған тіпті куәгерлерге қысым көрсету де сеніп тапсырылған болуы мүмкін. Жауаптар қалай алынып жатқанын біле тұра ол сол қызметкерлермен отырыстар арасында кездесе алады. Әңгімелеседі дегендей», - деді Елжан Біртанов бүгінгі сот отырысында.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінде соттағы ведомствоның мүддесін қорғай алатын басқа да білікті мамандар бар. Сот отырысында экс-министр сонымен қатар қылмыстық істің қозғалуына не түрткі болғаны туралы өз болжамын жария етті.

«Орындалуы тиіс функцияларды дәл сол платформаның орындауына қарсы қандай да бір күштер бар деп толық негізде күмәндануға болатындай жағдай бар», - деді ол.

Біртановтың айтуына қарағанда, өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін бір жылдан соң Қазақстанға «Сбербанктен» электронды өнім әкелінбек болған. Бәріміз білетіндей, «Сбер» жырын Ресейдің Украинаға басып кіруі нүкте қойған еді.

«Істің қозғалуына 2020 жылдың шілдесінде шыққан ЦАРКА-ның қорытындысы себеп болған. Ол кезде ЦАРКА-ның төрағасы Арман Әбдірасылов болған. Оның посттарына қарасақ, өзі Мәскеуге әр айда екі рет барып қайтады екен. Оның ол жаққа не үшін баратынын мен білмеймін. Бірақ оның сапарларын талдай отырып, мен өз болжамымды тұспалдаймын. Осының бәрі айналып келгенде саяси айналым туғызып, ЦАРКА мамандарының жалған қорытынды беруге деген мүддесі қазір мақсатқа ие болып отыр. Бұған дейін мақсат неде екенін түсінбей келгенмін. Тек бір күннің ішінде олар не үшін жұмыс істемейтін платформа туралы 500 беттік қорытынды жасағанын енді ұққандаймын. Соның негізінде мен уақытша оқшаулағышқа қамалдым», - деді сотта Олжас Әбішев.

Бұл жерде ЦАРКА деп отырғанымыз – Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы. Қылмыстық іс енді басталғанда ол орталық Денсаулық сақтау министрлігінен жеке мәліметтердің жаппай жарияланып кеткен мәлім еткен. Әбдірасыловтың өзі қазір «Зерде» холдингін басқарады.

Келесі сот отырысы 5 шілдеде өтеді.

Еске сала кетсек 2016 жылы Хорватияның Ericsson Nikola Tesla байланыс операторы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен медициналық ақпарат порталы туралы келісімге келген болатын. Келісім құны 20 миллион еуроны құрады. «Ericsson» Қазақстанға денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін ұлттық деңгейге жеткізуге көмектесуді міндетіне алған. Тапсырманы орындау үшін бір жыл қажет болды, сонымен қатар пайдаланушылар үшін жеткізушінің қосымша үш жылдық қолдауы қажет еді.

Жоба 2018 жылы аяқталып, оны сол кездегі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бекіткен. Ол 2020 жылдың маусымында отставкаға кетті. Бірақ сол жылдың соңында цифрландыру қорынан 445 мың еуро жымқырды деген күдікпен қамауға алынды.