×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Депутаттар балалар үйіне бөлінетін ақшаны жетім баланы асырап алатын отбасыларға аударуды ұсынды

15.05.2023, 10:33
Фото: Ашық дереккөзден

Мәжілісмен Қарақат Әбденнің айтуынша, балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс жасай алмай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутаттың пайымдауынша, көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталған. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес.

«Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 милллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық», - дейді ол.

Қарақат Әбденнің сөзінше, қазіргі кезде жетімдер үйінің саны азайып келеді. Еліміз бойынша қазір сәбилер үйінде 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар.

«Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті бәсеңдетпей  балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек. Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар: бала асырап алу; қамқоршылық; патронаттық тәрбие; патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген. Осы межеге қашан жетеміз? деген сұрақтар туындайды», - дейді ол.

Депутат 2019 жылдан бері айтылып келе жатқан фостерлік отбасы жобасы әлі де толыққанды іске қосылмағанын атап өтелі. Фостерлік отбасыларда жұмыс істейтін мамандар да тапшы.

«Ал балалар үйіне келетін болсақ, олардың жұмыс бағытын өзгерту керек деп санаймын. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс болмас. Себебі өкінішке қарай денсаулығында кінәрат бар, ауыр науқастарға шалдыққан балалар бар, оларды ешкім асырап алғысы келмейді. Сондай-ақ асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар, бұл шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл да бала үшін ауыр психологиялық соққы. Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін реабилитациялық орталық ретінде қайта қарастырған жөн. Мәселенің маңыздылығын ескере келе, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне баса назар аударып, жаңа тетіктерді қарастыруыңызды және фостерлік отбасы жобасы толыққанды іске қосылғанша жетім балаларға тиісті жағдайдың жасалуына ықпал етуіңізді сұраймын», - дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары