×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Заң өзгермесе «Кублей істері» көбейе береді – әкім Төреғалиев

26.05.2023, 13:40
Коллаж: ulysmedia.kz.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бүкіл елге атышулы «Кублей ісі» жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Сіздің облыс әкімі болып тағайындалғаныңызға маусымда бір жыл толады екен. Өңір әкімі ретінде үлкен резонанс туғызған Кублей ісі бойынша не ойлайсыз? Cіздің алдыңыздағы әкім Есқалиевті бұл мәселені реттей алмады, тіпті оны кәсіпкер Ирменовтың мүддесін қорғады деп айыптайтындар бар. Істі зерттеп көрдіңіз бе?» - деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі Нариман Төреғалиевтен.

Бұл сұраққа жауап берген әкім бұл мәселеден сенатта жүрген кезінен хабардар екенін айтты. Сөзінше, екі жеке компаниясының арасындағы даудың ортасында айналып келгенде тұрғын үйді алуға үміттенген халық қалған.

«Бүгінгі күні Ерменов деген азаматтың компаниясы Кублей компаниясының қасында, қала ішіндегі Циолковский шағын ауданында 2022 жылы төрт үйді сала бастаған ғой. Сол кезде басталған жағдай. Ол үйлердің жалпы көлемі 380 пәтерлі төрт үй. Соның екеуінің құрылысы аяқталды. Бірінде толық адамдар тұрып жатыр. Екіншісінде, 70 пайызға орналастырылған. Қалғанының құрылысы жалғасуда», - деді әкім.

Нариман Төреғалиевтің сөзінше, екі үйде тұрып жатқан азаматтардың көбі баспананы несиеге алған. Әкім Кублей де облыстағы ең үлкен тауар өндіруші әрі ең үлкен салық төлеуші екенін атап өтеді.

«Оның мүддесі де маған өте қымбат. Себебі біз бизнесті қолдауымыз керек. Екінші жағында халық тұр. Сот шешімі бар. Оған сәйкес, бұл мәселе тұрғындар жағына шешілді. Сот шешімі жайлы қандай да бір пікір білдіру менің құзырымда жоқ. Бірақ енді бұл Кублей ары қарай Жоғарғы сотқа аппеляция беріп жатыр», - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі екі компанияның да басшысымен кездескен. Екеуіне осы мәселені үстелде реттеуге шақырған. Алайда тараптар келісе алмай отыр.

«Неге осындай қиындық туғызып отыр? Кеңес үкіметі кезінде салынған қалада осындай зауыттар көп. Кублейдің негізгі зауыты қаланың сыртында. Дау болып жатқан жерде кішкентай цех тұр. Қаланың ішінде өте көп зауыт тұр. Қастарында тұрғын үйлер салынған. Ол совет үкіметі кезінде қалыптасқан. Кублей секілді тағы мәселені бір кірпіш зауыты көтеріп жатыр. Бұл бұрыннан қалыптасып қалған үйлер мен зауыттар. Министрліктің алдында көтеріп отырмыз: олай кете беретін болсақ, бүкіл қала ішіндегі зауыттардың бәрін жабуымыз керек немесе жұмысын тоқтатуымыз керек. Осыған байланысты санитарлық қорғау аймағын бекіту керек. Яғни заңға өзгеріс енгізу керек. Өйтпесе, бұл жұмыс ары қарай жалғаса береді. Тек біздің облыс көлемінде емес, бүкіл елде. Өскеменде де қала ішінде зауыттар толып тұр», - деді Нариман Төреғалиев.

Серіктес жаңалықтары