×
479.42
467.91
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.42
467.91
8.21

Қымбатшылық қысып тұрғанда халық өз табысын қалай арттыра алады

21.07.2022, 09:00

Өткен 2020-2021 жылдары өршіген пандемия әлем экономикасының барлық саласында дағдарыс туындатты. Ресей мен Украина арасындағы геосаяси шиеленіс те барлық елдерде жағдайды ушықтыра түсті. Бұл, әсіресе, теңгесі әлсіреп, инфляция өршіген Қазақстанға кері әсер етті деуге негіз бар. Себебі импортқа тәуелді болғандықтан тамақ бағасы жоғарылап, азық-түлік өнімдері тапшылығы пайда болды. Айналып келгенде осының барлығы қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып отыр.

Бұл кезеңде қаржы сауаттылығы, табысты арттыру мәселесі өте өзекті болып тұр. Біреулер банк картасында, үйінде жай ғана қаражат жинаса, енді біреулер депозитке ақша салып жатыр. Сонымен бірге бағалы қағаздар сатып алатындар да бар. Ақша жинаудың алдыңғы екі түрі былай-ақ та түсінікті болса, бағалы қағаздар нарығы көпшілікке аса белгілі емес.

БАҒАЛЫ ҚАҒАЗ

Бағалы қағаз деген – адамның ақшасы немесе мүлігі бар екенін растайтын құжат. Түсінікті болуы үшін оны қарыздық және инвестициялық деп екі түрге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, қарыз беріп пайызынан пайда табуға немесе бір компанияға үлескер ретінде салым салып, пайдасының бір бөлігін алып отыруға және оның ішкі ісіне қатысуға болады (егер сізде ірі акциялар пакеті болса).

Бағалы қағаздың бірнеше түрі болады. Ең көп тарағаны – акция мен облигация. Сонымен қатар ETF және инвестициялық пай қорлары да танымал.

Бағалы қағаздарды мемлекет, жергілікті атқарушы билік және кәсіпорындар мен ұйымдар шығарады. Мемлекет бағалы қағазды шығару арқылы сыртқы және ішкі қарызды қайтару, бюджет тапшылығы мен инфляцияны болдырмауды көздейді. Жергілікті билік құрылыс, аурухана, балабақша, мектеп, тұрғын үй, жол салу – жалпы айтқанда аймақтағы әлеуметтік жағдайды жақсартуды ойлайды. Ал кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің шаруашылығын жүргізу, жарғылық капиталын қалыптастыруға, бизнесін дамытуға ден қояды.

 

АКЦИЯ

Акция дегеніміз – акционерлік қоғамға (компанияға) қаржы салғаныңызды куәландыратын және компания табысының белгілі бөлігін алуға құқық беретін бағалы қағаз. Жеке тұлға да, заңды тұлға да акционер бола алады.

Бұл жерде акциясы бар адамның алатын табысы дивиденд деп аталады. Дивиденд компанияның таза табысы есептелгеннен кейін беріледі.

Ескеру керек, компания ақша жоғалтқан кезде акцияның бағасы да төмендейді, демек салдары адамның да ақша жоғалтуына әкеліп соғуы мүмкін.

Акция, кәсіпорынды басқаруға қатысу құқығы бойынша, жай акция және артықшылығы бар акция деп екіге бөлінеді. Жай акциясы бар тұлғаның компанияны басқаруға қатысуға, дауыс беруге құқығы болады. Бірақ ондай құқықтар тек өте ірі акциялар пакетің ұстаушыларында ғана бар. Олар компанияның таза табысы есептелгеннен және артықшылығы бар акционерге дивиденд берілгеннен кейін ғана табыс алады. Ал артықшылығы бар акционердің басқаруға қатысы болмайды, бірақ тұрақты түрде белгіленген мөлшерде дивиденд  алып тұрады, сонымен бірге компания ациясын бөлу немесе компанияны жою кезінде де артықшылықтарға ие болады.

 

 

ОБЛИГАЦИЯ

Облигация деген – компанияға немесе мемлекетке қарызға ақша берудің бір жолы. Оның пайыздық мөлшерлемесі болады.

Қарыз алушы тарап белгілі мерзімде (бәлкім жылына) облигация иесіне пайыздық мөлшерлеме төлеуге міндетті. Бұл төлемді купон деп атайды.

Мемлекетке ақша қажет болғанда облигация шығарып, халыққа сатады. Кейін жағдайы жақсарғанда қайта сатып алады. Бұл жерде облигация сатып алған халық пайыздық пайда табады.

Компания несие алғанда банкке қарыз болатыны секілді, облигация сатып алған тұлғаға да қарыз болады.

Облиацияның қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деген түрлері болады. Қысқа мерзімді облигация алсаңыз, салған инвестицияңызды бір жылда қайтарады. Ал орта мерзімді болса – шамамен, 1-5 жыл аралығы, ұзақ мерзімді болса – шамамен, 5 жылдан ұзақ мерзімде қайтарады.

Облигациядан, шамамен, депозиттен жоғары, ал басқа бағалы қағаздардан төмен пайда түседі. Көбіне басқа бағалы қағаздардан сенімді болып есептеледі. Қатері: компания банкротқа ұшыраған жағдайда (өте сирек жағдайда), салған инвестицияңыз қорғалмауы мүмкін. Бірақ ондай тәуекел өте сирек жағдайларда болады.

 

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПАЙ ҚОРЫ ЖӘНЕ ETF ДЕГЕН НЕ?

ETF (Exchange Traded Fund) немесе биржалық сауда қоры– бірнеше компанияның акциялары қамтылған (араластырылған) бағалы қағаздар портфелі. Бір акцияны сатып алу дегеніңіз ондаған немесе жүздеген  компанияның акциясын сатып алу дегенді білдіреді. Бұл жерде акция сатып алған адам пайшы деп аталады.

Инвестициялық пай қоры деген не? Ол – көптеген жеке инвестордың (пайшылардың) қаражатын немесе мүлігін біріктіретін қор. Оған қаражат қосқан адамдар пассив пайда алып отырады. Инвестициялық пай қорынның жұмысын үйлестіретін басқарушы компания болады. Сондықтан пайшыларға қор нарығын бақылап отыру аса қажет емес.

Мысалы, ауыл шаруашылығы жері бар бірнеше адам жерін біріктірген болса, әркім өз жерінің аумағына қарай күзде белгілі мөлшерде жемшөп алып отырады.

 

БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ БАҒАЛАУ ТУРАЛЫ

Бағалы қағаздарды сату-сатып алу кезінде міндетті түрде олардың бағасы белгіленеді. Ол материалдық емес тауар болғандықтан, бағасын есептеуде иесіне қандай құқықтар беретіні басты назарға алынады. Құнына әсер ететін негізгі факторлар мыналар: бағалы қағаздың өтімділігі; ұқсас бағалы қағаздардың қалай бағаланып жатқаны; сұраныс пен ұсыныс; бағалы қағазды шығарушының орналасқан жері, қаржылық көрсеткіштері – яғни, эмитенттің жалпы сипаттамасы; сонымен бірге бағалы қағаздың сенімділігі мен міндеттемелері тұрақты орындалып тұруы (эмитенттің бағалы қағаз иесіне табысын тұрақты беріп тұруы).

 

ТАКТИКА ЖӘНЕ АНАЛИЗДЕН ӨТКІЗУ

Сарапшылар ең алдымен әлемдегі жалпы жағдайға назар аударуға кеңес береді. Қазір жаңалық арналарында не талқыланып жатыр? БАҚ не туралы жазады? Өйткені экономикалық жағдаймен бірге саяси ахуалды барлау да пайдалы. Макроэкономикалық статистика мен трендтерді, орталық банктердің монетарлық стратегияларын, қазіргі биліктің саясатын бақылауға болады. Жалпы, алдымен алдағы айларда немесе жылдарда нарықта қандай сала маңызды болатынын түсіну қажет. Содан кейін біртіндеп өзіңіздің компанияңызды іздейсіз.

Сонымен бірге табысты компаниялардың акциялары қымбаттап, ал шығыны көп компаниялар акциясының бағасы төмендейтінін ескеру керек. Компанияның қаржы есептеріне қараңыз. Дегенмен аталмыш құжаттардан мына сұрақтарға жауап табуға тырысыңыз:

– компанияның бірнеше жыл және кейінгі тоқсандардағы табысы мен таза кірісінің өсу қарқыны қалай;

– қаншалықты борышы бар, несиесін төлеп, басқа міндеттемелерін жабуға қабілетті ме;

– алдағы уақытта да инвесторлар тарта ала ма немесе осы қалпында сізге дивиденд төлеуге әлеуеті жеткілікті ме?

Міне, бұл айтылған тәсілдің барлығы негізгі анализ (фундаменталды анализ) деп аталады.

Бұдан бөлек инвестиция салар алдында техникалық анализ де жүргізе білу маңызды. Бұл дегеніміз – акциялардың бұрынғы бағаларының өзгеру тарихын, сауданың көлемін зерделеу. Сол арқылы алдағы уақытқа болжам жасай аласыз.

БЕЛГІЛІ КОМПАНИЯЛАРДАН ДИВИДЕНД АЛУҒА БОЛАДЫ

Қазіргі уақытта биржада белгілі екінші деңгейлі банктер, байланыс операторлары, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, мұнай-газ компаниялары және өзге де тауар өндіретін кәсіпорындар баршылық. Мысалы, Kaspi, Kcell, KEGOC. Мұндай кәсіпорындардың акцияларын иеленіп, дивиденд алып тұруға болады.