×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Абай облысындағы өрт: қаза тапқан орманшылардың отбасына қандай көмек көрсетіледі

13.06.2023, 08:04
ТЖМ

Абай облысында қаза болған орманшылардың отбасыларына 7 млн теңгеден, әр балаға 2 млн теңгеден төленеді. Бұл туралы үкіметте өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, 11 маусым күні кешке жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта таралған. Атап айтқанда, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елді мекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды.

Түнде өртті сөндіру жұмыстары үш бағытта жүрді: оңтүстік, батыс және солтүстік-шығыс. Осының арқасында негізгі ошақ іс жүзінде қоршауға алынды. 12 маусымда таңғы сағат 06:00-ден бастап өрт сөндіру жұмыстары қайта басталды. Қазіргі уақытта 1 530 адам, 320 техника және 14 тікұшақ жұмылдырылған.

 

Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қазіргі ахуал және қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

Премьер-Министр төтенше жағдай себептерін анықтау және салдарын жою үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылғанын, оның құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіргенін атап өтті.

Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.

Оған қоса Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.

Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.

Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт  тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Серіктес жаңалықтары