СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров шет мемлекеттер тарапынан Абай облысындағы орман өртін сөндіруге көмек көрсету туралы ұсыныс түсіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Егер апат ауқымы үлкен болса, мемлекеттің өз шамасы жетпей жатса, өзге мемлекеттерден көмек сұрауға мәжбүр болады. Әзірге біз көмек сұрап жатқан жоқпыз. Бірақ мемлекет басшысымен, сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлескен шетелдік әріптестері көмек көрсетуге дайын екенін жеткізіпті”, – деді СІМ ресми өкілі.
Қай елдер екенін нақтылауды өтінген тілшілердің сұрағына ол “Түркия мен Өзбекстан” деп жауап берді.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.
Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.