×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмаған": депутат үкіметке 6 талап қойды

14.06.2023, 14:53
"Мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмаған": депутат үкіметке 6 талап қойды
gov.kz

Абай облысындағы өрт азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілісменнің айтуынша, депутаттар Үкіметтің назарын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауалдар жолдаған. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орын толмас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр.

«Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар сапасыз орындалғанын қатаң сынға алды. Осыған байланысты болашақта төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет деп санаймыз», - деді депутат.

Нұртай Сабильянов біріншіден, орман және дала өрттерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу жөніндегі нақты жұмыс істейтін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажеттігін айтады. Себебі осы жолы тиісті мемлекеттік органдар арасында үйлестірілген жұмыстың болмауына байланысты қауіп-қатерді уақтылы болжау және алдын алу мүмкін болмады. Өрт ошағы туралы алғашқы деректер 8 маусым сағат 11:23-те ғарыш аппараттарынан алынып, 8 маусым сағат 13.20-да Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтер базасына берілсе де, қауіп деңгейі лайықты бағаланбады.

Екіншіден, өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту; орман алқаптары мониторингінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін дұрыс әрі барлық жерде пайдалануды қамтамасыз ету; өрт ошақтарын анықтаудың қосымша жерүсті жүйелерін орнату; жерді зондтайтын Қазақстан спутниктерін жоғары дәлдігі бар жылу датчиктерімен жарақтандыру; табиғи апаттар жағдайында тиісті қызметтерді фото және бейне-түсіру мүмкіндіктері бар дрондармен жабдықтау қажет.

“Үшіншіден, орман шаруашылықтары, резерваттарды басқару орталықтары орналасқан ауылдық елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуға тиіс. Оларды байланыс жүйесімен және жылдам интернетпен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету керек», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, төртіншіден, орман саласының мамандарын даярлау және қолдау, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту өте маңызды.

«Семей орманы» орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет. Сондай-ақ резерват жанында табиғи апаттармен күресуге арналған арнайы бөлімше болуға тиіс және оны барлық қажетті жабдықтармен, соның ішінде орман қорының жай-күйін бақылауға арналған дрондармен жарақтандыру керек. орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, олардың жалақысын үнемі арттырып отырған жөн. Сондай-ақ қызметкерлерді арнайы киіммен және жабдықтармен қамтамасыз ету қажет», - деді ол.

Мәжіліс депутаты бесіншіден, Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын арттыру, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жарақтандыру, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайту керектігін алға тартады.

«Алтыншыдан, бұл мәселелер кезек күттірмейді, шұғыл шешімдерді қажет етеді. Сондықтан Үкіметке ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, орман шаруашылығы саласындағы және өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді толық қаржыландыру және заңнаманы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселесін қайта қарау керек. Бұл жұмысқа депутаттар да қатысуы қажет», - деді Нұртай Сабильянов.

Еске салсақ, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт  тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.