Нұр-Сұлтанда жол ережесін бұзған шетелдік тіркеуі бар көлік жүргізушілері анықталып жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
polisia.kz-ның мәліметінше, 24 қыркүйектен бастап елорда аумағында ЕЭК елдерінде және алыс шетелдерде тіркелген автокөліктердің жол қозғалысы ережелерін бұзуын анықтау бойынша рейдтік шаралар жүргізілуде.
Осы уақыт ішінде «Сергек» камералары үш мыңға жуық жылдамдықты бұзу және жол белгілерінің талаптарын елемеу фактісін анықтады. Автокөлік иелерінің ерікті және міндетті сақтандыру шарттары туралы мәліметтер базасына сәйкес жол ережесін бұзушылар автоматты түрде анықталады. Алайда жеке жүргізушілер жауапкершіліктен жалтару үшін сақтандыру шарттарын жасамайды.
Рейд кезінде жүргізушілерінде сақтандыру полисі жоқ 58 көлік анықталды. Барлық көлік коммуналдық автотұрақтарға қойылды. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін 35 көліктен мемлекеттік нөмірлер алынды.