×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қыста жылусыз қалған қалалар: аудит миллиардтаған қаржылық бұзушылықтарды анықтады

21.06.2023, 09:32
Қыста жылусыз қалған қалалар: аудит миллиардтаған қаржылық бұзушылықтарды анықтады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова былтыр қыста бірқатар өңірде жылу болмай, тіпті төтенше жағдайларға апарып соққан жағдайларға байланысты жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, 47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде аудит жүргізілген. 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының және 480 млрд теңге активтердің пайдаланылу тиімділігі тексерілген.

«Нәтижелері бойынша 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығындар және жіберіп алған пайда анықталды. Жалпы, 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, реконструкциялауға және жөндеуге 250 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бөлінген. Алайда, бүгінде ресурстардың аз болуы жылу-энергетикалық жүйесінің қажетті «берік қорын» және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етпейтіні бәріне түсінікті», - дейді ол.

Наталья Годунованың айтуынша, бұған жылу электр орталықтарының негізгі жабдықтарының орта есеппен еліміз бойынша 66%-ының әбден тозуы және жылу желілерінің орта есеппен 54%-ының тозуы дәлел бола алады.

«Жылу электр орталықтарының жалпы санының 76%-ы – 50 жылдан астам, 24%-ы – 30 жылдан астам пайдаланылып келеді. Жылу электр орталықтарының орташа қызмет ету мерзімі — 61 жыл. Апатсыз тоқтаулардың саны жыл сайын артып келеді. Тек 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 22%-ға өскен. Шығарындылар мен жылу ысырабының деңгейі жоғары екені байқалады», - дейді ол.

Годунованың сөзінше, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимыл жоспарлары өзара үйлеспейді. Жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсіл жоқ. Палата басшысы саланы мемлекеттік реттеуді бірнеше мемлекеттік органдар – Энергетика, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері және әкімдіктер жүзеге асыратынын, жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін қазіргі уақытқа дейін толыққанды құқықтық негіз жоқтығын айтады,

«Жаңа заң жобасына үміт артамыз», - дейді ол.

Аудиторлар сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық кезінде орталық мемлекеттік органдар тарапынан да, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да энергетикалық бақылаудың тиісті жүйесінің жоқтығы байқалатынын айтады. Өңірлік деңгейге берілген жылу энергетикасы саласындағы жекелеген бақылау функциялары толық көлемде пайдаланылмай отыр.

«Мәселен, кейбір өңірлердегі бірқатар табиғи монополиялар субъектілері жылыту кезеңіне міндетті әзірлік паспорттаудан өтпеген. Әзірлік паспорттарының болмауының ең жоғары үлесі Атырау (53%), Павлодар, Ақмола және Абай (18%-дан 30%-ға дейін) облыстарында анықталды. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар паспорттаудан өтпеген субъектілерге қатысты әкімшілік ден қою шараларын қолданбаған», - дейді Наталья Годунова.