×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Қорғаныс министрлігі әскерде сарбаздардың суицидке баруын әлеуметтік жағдайға сілтейді

02.08.2022, 16:23
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев сарбаздардың өліміне байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мен басқа салаға жауап беремін» дегенімен, тілшілердің бірінен кейін бірі қойған сұраққа жауап беруіне тура келді. Логикаға сүйенсек, әскердегі өлім-жітім көбейіп, қоғамда көп сұрақ туындап жатқан уақытта Қорғаныс министрлігі шын мәнінде сол бағытта баспасөз мәслихатын ұйымдастыруы керек еді. Алайда бұл проблеманы Жақсылықовтың командасы жас орынбасар Дархан Ахмадиевке ысыра салса керек.

«Қолымда стаститика бар. Басты медициналық басқару бастығының жинаған мәліметін келтірейін: шын мәнінде, статистика көзге жас келтіреді. Осы жылдың 5 айында Қазақстанда 4318 адам өз-өзіне қол салған. Оның ішінде Қарулы күштерінің қатарынан 4 адам бар. Тағы 4942 адам суицидке бармақ болған. Оның ішінде Қарулы күштері қатарынан 7 адам бар. Яғни Қарулы күштердегі суицид жағдайларының үлесі 0,1 ғана шығар. Бірақ мен бұл сандармен ақталғым келмейді», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Дархан Ахмадиев Қорғаныс министрлігінде басқа салаларға жауапты екенін айтады. Дегенмен өз пікірін де келтіреді. Оның сөзіне қарағанда, қазір арнайы топ құрылып, әскердегі өлім-жітім жағдайын нөлге жеткізу мақсаты тұр.

«Бұл – амбициясы зор мақсат. Тіпті қарапайым автокөлік шығаратын кәсіпорындардың өзінде де өлім-жітім жағдайлары кездеседі. Ал біз бұл жерде Қарулы күштер туралы айтып отырмыз. Онда азаматтар қаруды қолданады. Әлбетте, қайғылы жағдайлар орын алып қалуы мүмкін», - дейді ол.

Вице-министр әскердегі өлім-жітім жағдайлары бойынша динамика өсімі байқалмайтынын атап өтті. Айтуынша, суицидтердің көбею жағдайлары тіркелмеген. «Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Кешенді жұмыс» дейді ол.

Дархан Ахмадиевке әскердегі өлім-жітім жағдайлары туралы журналистер бірнеше рет сұрақ қойды. Вице-министр арнайы топ құрылып, оның құрамына жауапты органдармен қатар азаматтық қоғам өкілдері де кіргенімен жағдайды түсіндіргісі келді. Бағдарлама осы проблеманы егжей-тегжейлі зерттеуге бағытталғанын мәлім етті. Кейстердің бәрі талданатынын да айтып түсіндіргісі келді. Әскердегі тәрбиеге жауапты басшылар да жұмысты күшейтіп жатқанын қосты.

«4 жағдай бойынша екеуіне – отбасылық-тұрмыстық ұрыстар себеп болған. Қалған екеуіне байланысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай ол істер бойынша бірдеңе деп айта алмаймын. Сіз бәлкім, менің де пікірімді естігіңіз келіп тұрған болар. Бізде 18 жастағылар мерзімді әскери қызметке келеді. Ол жас сарбазда 9 млн теңге несиесі болады. Бұл бір себеп. Осындай әлеуметтік проблемалар сондай қайғылы жайттарға себеп болып жатады. Бірдеңе деу қиын. Әр жағдайды жеке зерттеу керек. Сондықтан суицидке осы жайт себеп болды деп біреуін ғана жеке атауға келмейді», - дейді Дархан Ахмадиев.