Биылғы жылдың төрт айында елімізде заңды тұлғаларға – 10 трлн 682,4 млрд теңге, жеке тұлғаларға 14 трлн 938,7 млрд теңге кредит берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Елдің халықаралық резервтері 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 94,7 млрд АҚШ долларға жетіп, 2023 жылдың басына қарағанда 4,3% өсті. Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері 1,1% немесе 35,5 млрд АҚШ долларына дейін, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 6,3% немесе 59,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды», - деп жазылған Ұлттық экономика министрлігінің құжатында.
Министрлік дерегіне қарағанда, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының экономикаға берген кредиті 25 трлн 621,1 млрд теңге болған. Оның ішінде заңды тұлғаларға – 10 трлн 682,4 млрд теңге, жеке тұлғаларға 14 трлн 938,7 млрд теңге кредит берілген.
«Депозиттер 2023 жылғы 1 маусымда 30 трлн 629,2 млрд теңге болып, 2023 жылдың басына қарағанда 1% азайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 3,8% немесе 14 трлн 711,4 млрд теңгеге дейін төмендеді. Жеке тұлғалардың депозиттері 1,7% немесе 15 трлн 917,8 млрд теңгеге дейін көбейді. Ұлттық валютадағы депозиттердің үлесі 2022 жылғы желтоқсандағы 68,4%-тен 2023 жылғы мамырда 71,6%-ке дейін өсті», - делінген ведомство есебінде.
Айта кетейік, бұдан бұрын белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов халықты қарызға батырған банктерге шүйліккен.
Жуырда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өзінің депутаттық сауалында халыққа несие беру мәселесін көтерді.