×
478.39
489.68
7.95
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.39
489.68
7.95

Алматыда 400-ге жуық адам үйсіз қалуы мүмкін

05.08.2022, 13:50
Фото ашық дереккөзден

Алматыда Мәдениет ықшамауданындағы 400-ге жуық адам үйсіз қалуы мүмкінн, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасына сілтеме жасаған Ulysmedia.kz.

Алматыда 400-ге жуық адам үйсіз, далада қалуы мүмкін. Себебі: әлеуметтік маңызы бар нысандарға арналған жерлерге жұрт жаппай баспана салып алған. Алайда қаланың жаңарған бас жоспарына сәйкес Мәдениет ықшамауданындағы ондаған гектарға балабақша, саябақ пен стадион салынуға тиіс.

Дегенмен қарызға батып баспана тұрғызған жұрт Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұл шешіміне қарсы шықты. Үйін заңдастыра ала алмай сергелдеңге түскен тұрғындар «Үйімізді бұзуға жол бермейміз!» деп ұлардай шулады.

Әбдімәжит Дәулетов үш жыл бұрын тірнектеп жинаған ақшасына ұлтарақтай жер алып үй салуға кіріскен. Баспананың кірпішін қалап болған жігіт ағасы биыл құрылысты жалғастыра алмай тығырыққа тірелді. Себебі: Сәулет құрылыс бақылау басқармасының өкілдері: «үйіңіз тұрған жерге саябақ салынады» деп, азаматтың көңілін күпті қылған.

Әбдімәжит Дәулетов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Құрылысты тоқтатып қойдық. Енді не істейміз? АПЗ ала алмай отырмыз. Сүріледі деп бермей отыр. Он миллиондай шығыным кетті. Саябақ түсірсін, ана арнаның етегіне. Ана жаққа саябақ жасасын. Біраз жер бар. Үйімізге тиіспесін.

Мәдениет ықшамауданында Әбдімәжит сынды үйін заңдастыра алмай жүрген 400-ге жуық адам бар. Араларында қоныс тойын тойлап үлгергені де бар. Тұрғындар мемлекеттік акті алып, алаңсыз баспана тұрғызуды бастап кеткенін айтады. Алайда жыл басында шаһардың бас жоспары жаңарып, мұндағы үйлердің орнына әлеуметтік маңызы бар нысандардың салынатыны белгілі болған. Бұл жаңалықты естіген халық өре түрегелді. 

Айгүл Мәмбетқұлова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылдық. 20-30 миллион ақшаға мемлекеттік акті бар, жер алдық. Үйімізді көтеріп алғанда сүріледі дейді. Саябақ, стадион, балабақша болады дейді. Тура біздің отырған үйлерімізге. Соған біз қарсымыз. Халықтың пікірін сұрамайды. Өздігімізбен басып алған жоқпыз. Бізді фактінің алдына қойып отыр. Өзіміздің ақ, адал еңбегіміз.

Сәулет-жоспарлау тапсырмасын ала алмай сергелдеңге түскен бұқара шенеуніктер балабақша, стадион мен саябақты басқа, бос жерлерге салсын деген талап қойды.

Алтынай Кенжаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Несие алып бір жыл бұрын іргетасын құйдық. Екінші жылы көтердік. Үшінші жылы шатырын жаптық. Оңай емес. Енді дайын болғанда, бізге рұқсат қағазын бермей жатыр. Бұл халықты мазақ қылу ғой! Онда бізге не үшін жер сатады?! Өз басым осы жерде өліп кетсем, өліп кетемін, жерімді бермеймін.

Әкімдіктегілер «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» шешім шығаруға тырысып жатырмыз дейді. Қазір осы түйіткілдің түйінін тарқату мақсатында арнайы комиссия құрылыпты. Мамандар алдағы он күннің ішінде нақты шешім шығармақ.

Ертіс Бесіров, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:

- Қаланың бас жоспарына сәйкес, келген кезде көп үй жолдың қызыл сызығына түсіп жатыр. Әлеуметтік нысан салуға белгіленген орындарға түсіп жатыр. Аудан әкімдігі тарапынан тұрғын үйлерді орында қалдыру мәселесі бойынша ұсыныс енгізді. Қазір қаланың урбанистика басқармасынан аудан әкімдігі мамандарымен бірге тексеружүргізіліп жатыр.

Шенеуніктер жер сатып алған халыққа құрылысты бастамас бұрын, алдымен жауапты басқармадан рұқсат құжатын алуға шақырады. Өйткені қаланың бас жоспарынан тұрған жеріңізді қандай мақсатта пайдалануға болатынын анықтау қажет. Соған қарамастан тұрғындар үйінің бұзылуына үзілді-кесілді қарсы. «Еңбегіміз еш кетеді» деген қараша соңына дейін күресуге дайын.