×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

"Тойымсыз клан халықтың заңды жерін тартып алып жатыр": депутат Назарбаевтардың құқайы жайлы

27.06.2023, 12:58
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи  ҚР Бас прокурор Берік Асылов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке жолдаған депутаттық сауалында Назарбаев әулетінің өкілдері Алматы облысындағы халыққа тиесілі жерді тартып алып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Біз – депутаттар мына жақта ақтер-көктер болып, Қазақстан халқынан ұрланған, талан-таражға түскен активтерді елге қайтаруға қатысты заңды қабылдап жүргенде, Алматы жақта «ескі» Қазақстанның Назарбаевтан қалған жебірлері мен жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатыр. Нақтылап айтқанда, Назарбаевтар әулетінің өкілдері – Нұрбол Болатұлы Назарбаев, Қайрат Сатыпалды мен Ахметжан Есімовтің нөкерлері және «Қаңтар генералы» Серік Күдебаев Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алған. Бұлар пайшылардың 274 гектар үлесін өз адамдарының атына құрылған Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге рәсімдеп, Қазақстанның заңын озбырлықпен бұзған. Екі мыңнан астам пайшылардың заңды үлесін «ИЖС»-қа айналдырып, оның едуір бөлігін сатып жіберген”, – деді депутат. 

Ермұрат Бәпи өз қолына тиген тиген барлық құжаттарды, оның ішінде пайшылардың арызының көшірмесін Бас прокурорға жолдап отырғанын атап өтті.

“Менің ендігі айтпағым – осы қылмысты қиянаттың саяси астары. Саяси дейтін себебім – жазықсыз елдің заңды жерін тартып алған осы озбырлардың кланы мен олардың жандайшаптары Қарасай ауданында әлі де сайран салып жүр. Жергілікті прокуратура мен полиция зарлаған халықтың емес, тойымсыз, тажал кланның мүддесін қорғауда.

Пайшыларға араша түскен адвокат Ләззат Жапашеваны және бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауыты қызметшілері кооперативінің төрайымы Әмина Жеңісбекованы «алаяқтық жасады» деген жалған айыппен екі айға қаматып тастады. Пайшылардың наразылық шағымын жазып, жоғарғы органдарға ұжым атынан арызданып жүрген Абылай Қожа деген жігітті үйінен ұстап әкетіп, абақтыға тыққан”, – деді ол.

Мәжілісменнің сөзінше, кооператив пайшыларының сот пен әділеттілік орнатуға қажет құжаттарын Қарасай ауданының полицейлері мен прокуратурасы тартып алып қоймасын деп, жасырып жүрген Мәлік Ұзақов деген азаматқа іздеу жарияланып, ол бүгінде бассауғалап, қарасайлық полициядан тығылып жүруге мәжбүр.

“Ай мен күннің аманында үлеске берілген жерінен айырылған пайшылардың өкілдері, жиыны 20 шақты адам, әділет іздеп, арашаға түсуді сұрап, екі ай бұрын маған Астанаға келген еді. Олар назарбаевтар кланы талан-таражға салған жерден «қалған 274 гектардың жартысын мемлекетке қайтарайық, бізге жартысын заңдастырып берсе болғаны» деп, жергілікті билікпен компромиске баруға дайын екендіктерін мәлімдеді”, – дейді Ермұрат Бәпи.

Депутат Бас прокурор мен облыс әкімінен осы жағдайдың күрмеуін шешу үшін тексеру жүргізіп, үлескер азаматтарға жасалып жатқан қиянатты қысымды тыюды сұрады. 

“Мен бұл мәселенің әділетті түрде шешілуі үшін бұл жер дауын аяқсыз қалдырмаймын! Егер бұл мәселе тағы да назарбаевшылардың мүддесіне шешіліп, жер иелері зарлап қалатын болса, ел президентіне дейін барамын. Бұл – саяси шантаж емес! Бұл – әділет үшін айқас болады! Тоқаев мырзаның әділетті Қазақстан құру идеясына жәрдем жасаймыз десеңіздер, озбырларлықты оздырмауға жәрдем жасаңыздар, мырзалар!”, – деді мәжілісмен шенділерге.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қайрат Сатыбалды қамауда отырып Нұрсұлтан Назарбаевқа зәулім сарайын сыйға тартқаны белгілі болған еді.

       

   

Серіктес жаңалықтары