Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, Қазақстан мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қасиетті мерекеге орай Мемлекет басшысының атынан Құран сүрелері оқылып, құрбан шалу рәсімі жасалды.
Құрбан айт – ислам діні тіректерінің бірі саналатын қасиетті Мекке қаласына қажылық сапарының аяқталуына байланысты тойланатын мереке. Ораза біткеннен кейін 70 күнде болады.
Бұған дейін Тоқаев исламның мәні осы діни дәстүрде айқын көрінетінін атап өткен болатын.
«Құрбан айт адамдарды мейірімділік пен ынтымаққа, инабаттылыққа, өзгені сыйлауға шақырады. Бұл жоғары гуманистік құндылықтар ұлттың рухани өркендеуіне, қоғамдағы жауапкершілік пен әділеттіліктің тамыр жаюына ықпал етеді. Құрбан айт күндері мұсылмандар бір-бірін жылы лебізімен құттықтап, туған-туыстарына, жақындарына амандық тілейді, мұқтаж жандарға аянбай көмек көрсетеді. Бұл керемет мереке адамдарды жақындастырады, ел бірлігін, елдегі тыныштық пен келісімді нығайтуға септігін тигізеді», - деді Мемлекет басшысы.