Қазақстан билігі заңсыз шығарылған активтерді қайтару амалының неліктен қудалау емес, азаматтық жолын таңдады? Ulysmedia.kz тілшісінің бұл сұрағына осы заңды әзірлеуге қатысқан депутат, заңгер Абзал Құспан былай жауап берді.
Депутаттың айтуынша, 9 маусым күні Венеция комиссиясының отырысы болған.
«Оның қаншалықты маңызды екенін мына бір жағдаймен түсіндірейін. Мысалы біздің елден Венеция комиссиясының мүшелігіне 4 жылға тағайындалған Үнзила Шапаққызы (заң ғылымдарының докторы, профессор) президенттің жарлығымен сол жаққа барған. Әлем бойынша заңгерлер жиналып, әрбір елдердің маңызды деген заңдарына ол комиссия анализ жасайды», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанға дейін Грузия мен Украинаның дәл осындай заңдары (заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң) шыққан. Олар басымдықты қылмыстық жауапкершілікке қойған. Алайда 9 маусымда екі елге де Венеция комиссиясы теріс қорытынды берген.
«Үнзилә Шапаққызы Еуропадағы комиссия «Абзал айтқаныңыз дұрыс екен, қылмыстық емес, азаматтық жолға басымдық бергеніміз дұрыс жол екен» деп келді. Украина мен Грузияға теріс қорытынды берген кезде «мемлекеттің заңсыз активтерді қайтару бағытындағы жұмыстары дұрыс, бірақ адам құқығы бәрінен жоғары тұруы керек» деген. Венеция комиссиясының Қазақстанға күші жоқ деуіңіз де мүмкін. Бірақ біз осы өтінішпен ертең Еуропаға барамыз. Олар біздің Парламент қабылдаған заңға қарамайды. Ал Венеция комиссиясында бұл үлкен кедергі болар еді», - дейді заңгер.
Депутаттың айтуынша, азаматтық жол деген «қол жайып, сұрау емес». Ол жерде де мәжбүрлеу шаралары іске қосылады.
«Біздің заңымыз Венеция комиссиясының алдына баруы керек. Егер олар оң қорытынды беретін болса, Еуропадағы біз баратын банктер, түрлі заң орындары бар – оларға көмектесіңіздер деген сигнал болады», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды мақұлдады. Заңның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз иемделген активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат аясында активтерді шығару саласындағы құқық бұзу деректерін анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, активтерді қайтару жөніндегі халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, қайтарылған қаражатты қоғамның игілігі үшін тиімді пайдалану, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау ескерілген.