20 жыл бұрын 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йоркте әлем тарихын өзгерткен ең ірі теракт болды.
11 қыркүйек – Нью-Йорк қаласында болған террорлық актіден қаза тапқандарды еске алу күні. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның терроризмге қарсы күрес жөніндегі жаһандық іс-қимылдарды қолдайтынын нақтылады.
«Бүгін біз де бүкіл әлемді дүр сілкіндірген АҚШ тарихындағы ең қаралы күндердің бірі – 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық акт құрбандарын еске аламыз. Жалпы адамзатқа қарсы жасалған осы жантүршігерлік оқиға бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдардың жадында берік сақталған. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың терроризмге қарсы іс-қимылдарын түбегейлі қолдайды. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – Қазақстан стратегиясының және АҚШ-пен стратегиялық серіктестігіміздің негізгі ұстанымы», деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында.
Лаңкестер American Airlines ұшағын басып алып, Дүниежүзілік сауда орталығының Солтүстік мұнарасына жібереді. Әр ұшақта 5 лаңкестен болғаны айтылады. Көп ұзамай екінші ұрланған ұшақ Оңтүстік мұнараға, үшінші ұшақ Вашингтондағы Пентагон ғимаратына құлады. Төртінші ұшақты Ақ үйге немесе Конгресске жіберуді ойластырған лаңкестерге ұшақтағы жолаушылар тосқауыл болды. Осылайша жолаушылар ұшағы басқарудан жаңылып, Пенсильвания маңында апатқа ұшырады.
Ресми мәліметтер бойынша, 11 қыркүйектегі шабуылда 3 мыңға жуық адам қаза тапты, көпшілігі қираған Дүниежүзілік сауда орталығының астында қалған.