×
439.4
473.54
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.4
473.54
4.76

Алматыда қоғамдық көлік жолақысы қымбаттайды

05.07.2023, 16:45
tengrinews.kz

 Алматы қаласында жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. Ашық НҚА порталында осындай ұсыныс жазылған әкімдік қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

21 шілдеге дейін талқылауға ұсынылған қаулы жобасына сәйкес Алматыда жолаушылар көлігіндегі тарифтерді қайта қарау және оларды қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол ақшамен 200 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылды. Қазір жолақысы тиісінше 80 теңге және 150 теңгеге тең. Осылайша, төлем әдісіне байланысты жол жүру құны 25-33%-ға өседі.

Бүгінде қаладағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем әдісімен төленген кезде 80 теңге екенін түсіндірді. Тариф 2012 жылдан бері өзгермеген.

Құжатта көрсетілгендей, Астанада тарифтің құны – 90 теңге және 180 теңге, ШҚО-да – 90 теңге және 130 теңге, Жамбыл облысында – 85 теңге және 130 теңге, Қостанай облысында – 100 теңге және 170 теңге мөлшерінде белгіленген.

Қалалық мобилділік басқармасы тарифтердің көтерілуін соңғы он жылда көлік бағасына қарағанда тасымалдаушылардың шығыны айтарлықтай өскенімен байланыстырды.

Мәселен, дизельдік отынның құны бұрын литріне 90 теңге болса, қазір 300 теңгеге жуықтады. Ал газдың құны 33 теңгеден 108-ге қымбаттады.

«Бұл шығындар тасымалдаушылар шығынын субсидиялау көлемінде тікелей көрсетіледі. Мәселен, 2017-2022 жылдар аралығында субсидиялау көлемі 13,8 есеге, яғни 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі бекітілген тариф бойынша шамамен 85,5 млрд теңгені құрады. Осылайша, қоғамдық көлік тарифінің қазіргі құны сақталып тұрса, субсидия көлемі жылдан жылға артып, жергілікті бюджетке ауыр салмақ түсіреді.

Айта кетерлігі, биылғы тарифтерді есептеу әдістемесі бойынша тарифтің орташа құны 425 теңгені құрайды. Осыған орай, 2023 жылы тарифтің құнын қайта қарап, оны қолма-қол ақшасыз төлем үшін 100 теңге, қолма-қол төлем үшін 200 теңге етіп белгілеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте 2023 жылы субсидиялаудың болжамды көлемі 10 млрд теңгеден астамға қысқарады», - делінген түсіндірме жазбада.

Серіктес жаңалықтары